ЖАМБЫЛДА ТУБЕРКУЛЕЗБЕН АУЫРАТЫНДАР АЗАЙҒАН

0 52

Жамбыл облысы туберкулез дертінің айтарлық­тай төмен­деу қарқынын көрсетіп отыр. Аймақтағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликованың мәліметінше жыл басынан бері өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда Жамбыл облысы бойынша алғаш анықталған туберкулез ауруы 234 жағдайдан 223 жағдайға төмендеді, оның ішінде тыныс алу органдары туберкулезі 215-тен 192-ге кеміді. 14 жасқа дейінгі балалар сырқаттанушылығы 9 жағдайға, жасөспірімдер арасында 10 жағдайға азайды.

Қазір елімізде туберкулездің алдын алу, диагностикалау және емдеу тегін жүргізіледі. Қа­зақ­стан бюджет қаражаты есебінен халық­ара­лық стандарттарға сәйкес туберкулезді ерте диагностикалаудың, емдеудің және алдын алудың ең заманауи әдістерін енгізген санаулы елдердің қатарына жатады. Туберкулезді ерте анықтау үшін ДДҰ ұсынған және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін туберкулезді және дәріге төзім­ді туберкулезді бактериологиялық және моле­ку­ляр­лық-гене­ти­ка­лық диагностикалаудың же­дел­де­тілген әдістері ен­гізілген.

2022 жылдың 6 айында 2021 жылдың осы мезгілімен салыстырғанда Жамбыл облысы бойынша алғаш анықталған туберкулез ауруы сырқаттанушылығы — 5,4%, 234 жағдайдан (100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіші — 20,55), 223 жағдайға төмендеді, оның ішінде тыныс алу органдары туберкулезі -11,39%, 215 жағдайдан (көрсеткіші — 18,88) 192 жағдайға (көрсеткіші — 16,73)   төмендеді.

14 жасқа дейінгі балалар сырқаттанушылығы 9 жағдайға (2022ж.6 ай — 4 жағдай, 2021ж. 6 ай — 13 жағдай), жасөспірімдер арасында 10 жағдайға төмендеді (2022ж. 6 ай — 7 жағдай, 2021ж.6 ай — 17 жағдай).

Туберкулез- жөтелу, түшкіру, сөйлесу, сау адамның тыныс алу жолдары мен өкпелеріне ену арқылы әр түрлі микобактерия немесе Кох таяқшаларынан қоздырылатын жұқпалы аурулардың бірі. Инфекция көзі-науқас адам. Ауру  ауа- тамшы жолы арқылы жұғады.

Бұл ауру  2 аптадан артық  жөтел, қызба, кеудедегі ауырсыну, әлсіздік, түнде терлеу, салмақ жоғалту, тәбеттің болмауы сияқты жалпы белгілердің көріністерінен басталады.

Туберкулез дертімен ауру қаупін БЦЖ вакцинациясын жүргізу арқылы азайтуға болады. Вакцинация міндетті түрде және тегін жасалуы тиіс.Перзентханадағы нәрестелерге  3-ші күні, содан кейін 6-7 жас (1-сынып) жасында Манту сынамасы теріс болған кезде тегін жүргізіледі. Туберкулезді ерте анықтау мақсатында жыл сайын профилактикалық медициналық тексеруден өту керек («қауіп» тобындағы 15 жасқа дейінгі балаларға – Манту сынамасы бойынша тексеру, 15 жастан бастап — флюорографиялық тексеру).

Неили Орынбасарқызы туберкулез пайда болған отбасыларға үлкен зардап әкелетінін, ал мемлекет үлкен экономикалық шығындарға ұшырайтынын атап өтті. Өйткені мұнымен ауыратын науқастардың 75%-ы 20-40 жастағы жастар, яғни еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Туберкулез ауруының алдын алу үшін Жамбыл облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің эпидемиолог мамандары  жылына кемінде бір рет флюорографиядан өтуді, балаларды уақтылы егуді, салауатты өмір салтын ұстануды, таза ауада жиі болуды және дұрыс тамақтануды ұсынады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.