Жамбылда жеке кәсіпкерліктерде жұмыс істейтін сотталғандардың саны артпақ

0 21

Қазіргі таңда сот үкімімен сотты болған жандарды жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы тұрғыда түзеу мекемелерін ашу үшін жеке кәсіпкерлермен кездесу өткізіліп, тұрақты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жуырда өңірлік ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Еркін Нұрбаевтың төрағалығымен өткен басқосудың да басты мақсаты осыған саяды.

«Атамекен» ҰКП-ның облыстық филиалында өткен жиынға «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өңірдегі филиалының басшысы Бағлан Жапашева, түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының қызметкерлері мен ЖШС басшылары қатысты. Кездесудің алғысөзінде Еркін Үсенұлы аймақта жазалы жандарды жұмыспен қамту жолға қойылғанын, ендігі кезекте оның көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

— Біздің басты мақсатымыз — қолынан іс келетін бас бостандығынан айырылғандар азаматтарды жеке кәсіпкерліктерге ақылы жұмысқа орналастыру. Жазасын өтеуші сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында, жеке кәсіпкерлер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері басшыларымен жұмыс бабында туындайтын мәселелерді бірлесе шешуге күш салуымыз қажет, — деді Е.Нұрбаев.

Басқосудың нәтижесінде жеке кәсіпкерліктің басшылары алдағы уақытта сотталғандардың екі қолына бір күрек табылуына ықпал жасаймыз деп уағдаласты. Айта кетейік, бүгінде ЖД-158/5 мекемесінде 115 сотталған азамат жұмыспен қамтылған. Осылайша, қоғамға бейімделіп қана қоймай, жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге әрі өз отбасына көмектесуге мүмкіндік алып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.