Жаңа құрылғылардың мүмкіндігі жоғары

0

Жамбыл облысында жол ережесін бұзуды тіркейтін жаңа аппараттық-бағдарламалық кешендер таныстырылды.

Жаңа құрылғылардың мүмкіндігі жоғары: үш қатар жолаққа бақылау жасап, автокөліктерді 150 метр қашықтыққа дейін тіркей алады.

«Жол апаттарының орын алуының ең көп таралған себебі – жылдамдықты арттыру. Сондықтан, жүргізушілердің жауапкершілік деңгейлерін жоғарылату үшін техникалық бақылау құралдары қолданылады. Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 3 «Интегра» аппараттық-бақылау кешені, 4 «Red speed», 38 «Автоураган» АБК, сондай-ақ «Hyundai» маркалы автокөліктер базасында 4 мобильдік «Автоураган» және «JAC» маркалы автомобильдер базасында 10 «Арқан» жүйесі жұмыс істейді», — дейді  облыстық Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов.

Қазіргі таңда Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері «KAZ-STS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жол қозғалысы ережелерінің бұзушылықтарын тіркеуге арналған аппараттық-бағдарламалық кешендерінің мүмкіндіктерін зерделеуде екен. Компания өкілдері жол қозғалысы ережелерін бұзуды және іздеуде жүрген көлік құралдарын анықтай алатын «Кибер-Шериф» аппараттық-бағдарламалық кешенін таныстырды.

«Кибер-Шериф» жүйесі осыған ұқсас басқа жүйелерге қарағанда өте тиімді. Мәселен, «Арқан» жүйесі бұзушылықты бір орында тұрып тіркесе, «Кибер-Шериф» автокөлікті қозғалыс кезінде тіркей алады, сонымен қатар, панорамалық түсірілім жасау мүмкіндігіне ие.  «Оракул» жылжымалы кешенінің де мүмкіндігі зор. Ол кез-келген көлік құралын 150 метрге дейінгі қашықтықта тіркейді, жолдың бір бағытында және қарсы бағытта үш жолаққа дейін бақылау жасайды, қозғалыс жылдамдығын 350 км/сағатқа дейін өлшейді. Департамент басшысы мұндай инновациялық технологияларды енгізу облыс жолдарындағы жағдайға талдау жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бұл ретте, біздің мақсатымыз – құқық бұзушыларды жазалау емес, жол-көлік оқиғаларының санын азайту екенін айтқым келеді», — деді ол.

Фарида Базарбаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.