Еңбек даулары бойынша «Ыстық нүкте» картасы әзірленген

0

Жалақы дауы жолға қойылды. Жамбылда жыл басынан бері 108,1  млн. теңге жалақы қарызы  өндірілген.   Бұл еңбек инспекторлары анықтаған 733 жұмыскерге тиесілі еңбекақы сомасы.

Жалпы, еңбек даулары мен наразылықтар негіз болатын бірден бір себеп — жалақының  уақытылы төленбеуі. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев айтты.

«Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында облыстағы еңбек қатынастарының ахуалы тұрақты болып, еңбек шиеленістері тіркелген жоқ. Дегенмен, жекелеген кәсіпорындарда жұмыскерлердің тарапынан жалақыны көтеру мәселесіне қатысты әлеуметтік желілер, ұжымдық арыздар арқылы өз талаптарын білдіру фактілері «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде және «Қазақтелеком» АҚ-ның облыстық фиалының Талас, Қордай, Тараз бөлімшелерінде орын алған. Бұл мәселелерге қатысты жұмыскерлермен тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жұмыскерлердің талаптары ішінара қанағаттандырылды», — деді Қайрат Әскербекұлы.

Биылғы жылдан бастап республикалық үшжақты комиссия шешімімен «Еңбек тәуекел картасы» апта сайын мониторингтен өткізіліп, тұрақты бақылауға алынған. Бұл бағытта басқармамен облыстың «Ыстық нүкте» картасы әзірленіп, оған  еңбек даулары туындау қаупі бар 45 нүкте енгізіліп, тұрақты түрде жұмыстар жүргізіліп отырады.

Биыл еңбек инспекторлары жеке және заңды тұлғалардың 300 арыз-шағымын қараған. Нәтижесінде еңбек заңнамасын бұзудың 16 фактісі анықталған. Ал, жалпы соммасы 889,7 мың теңгені құрайтын 7 айыппұл салынса, орындалуы міндетті 9 нұсқама берілген. Бұдан бөлек, тексерістер ашпай, жұмыс беруші мен жұмыскерді табыстыру шаралары арқылы 14 жұмыскердің мәселесі оң шешімін тапты, деді спикер.

Инспекция тарапынан әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру, яғни E-HR жүйесіне еңбек шарттарын енгізу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бүгінде облыста 10 048 кәсіпорын жұмыс істесе, оның   5651-інде 189 178 жұмыскердің   еңбек шарты электронды форматқа ауысқан.

Нұрдаулет Асан

Leave A Reply

Your email address will not be published.