Жаңалықтар

Жамбылдық шенеуніктер қызметтік көліктерін жұмыстан тыс уақытта пайдаланған

Биыл мұндай 22 факт тіркелген

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қызметтік автокөліктерді жұмыстан тыс уақытта пайдалануға қатысты жүргізілген талдау нәтижелері қаралды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Биыл облыста 68 мемлекеттік автокөлікке қатысты іс қозғалып, жауаптылар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Талдау нәтижелері бұл  жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің қызметтік көлігі екенін көрсетеді.

Осылайша мемлекеттік қызметшілердің қызметтік көлігін жұмыстан тыс уақытта пайдаланғаны бойынша 22 факт анықталған. 

- Мысалы, Меркі ауданы әкімі аппаратының қызметтік автокөлігіне ағымдағы жылдың 21 сәуірінде түнгі сағат 03:19-те (демалыс күні) Алматы-Бішкек тас жолының Қаскелең қаласына қарай бағытта жылдамдықты асырғаны үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 592-бабының 1-бөлігі (көлік құралының белгіленген жүру жылдамдығын арттыру) бойынша әкімшілік айыппұл салынған. Осыған ұқсас, Жуалы ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметтік автокөлігіне ағымдағы жылдың 11 наурызында таңғы сағат 05:05-те (жұмыстан тыс уақытта) Шымкент-Тараз тас жолының 534,62 шақырымында жылдамдықты асырғаны үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 592-бабының 2-бөлігі (көлік құралының белгіленген жүру жылдамдығын арттыру) бойынша әкімшілік  айыппұл салынған,- деді Көліктік бақылау инспекциясының басшысы Д. Марқалықов.

Бұдан бөлек, қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылған мемлекеттік қызметшілер мәселесі де айтылды. Жыл басынан бері ішімдік ішкен Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының аудандық аумақтық инспекциясы басшылары айыппұл арқалап, әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен «сөгіс» алған. Айыпты болғандардың ішінде бұдан бөлек, облыстық басқармалардың бас мамандары да бар. 

- Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамдық имандылыққа қолсұғумен ұштасқан қоғамға қарсы мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс. Аталған лауазымды тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылды. Құрметті басшылық құрамдағы әріптестер, әдеп жөнінегі уәкілдер осы мәселені назардан шығармауларыңызды сұраймыз. Алдағы уақытта да мұндай талдаулар жүрігіледі,- деді Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Руслан Шарипов.