Жамбылдық мұғалімдер індетке қарсы вакцина қабылдай бастады

0

Тараз қалалық емханаларында​ жалпы білім беретін орта мектептердің педагогтарына​ ​ коронавирус инфекциясына ​ қарсы «Спутник V» вакцинасын егу науқаны басталды. Оны алғашқылардың бірі болып облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмила Бекбатырова салдырды.

Вакцина қабылдар алдында ол дәрігердің тексерілуінен өтіп, қарсы көрсетілімдері болмаған соң, алғашқы егуді алды. Дәрігердің бақылауында 30 минуттай болған Жәмила Бекбатырова өзін жақсы сезінетіндігін айтты.

№5 және ZHANUYA қалалық емханаларында таң атқалы басталған егу науқанына білім ​ саласының қызметкерлерінің барлық тобы​ өз еріктерімен толастамай келуде. Осы күні кешке дейін 45 адамға вакцинация жасалады деп жоспарланған.

Өңірге Қарағанды фармацевтикалық зауыты базасында өндірілген «Спутник V» вакцинасының 5250 дозасы жеткізілді. Вакцина салдыратындардың тізімі жасалып, емханаларға берілді. Осы санаттағы адамдарға вакцина салу үшін облыста 20 емдеу мекемелері, оның ішінде Тараз қаласының — 9, Шу қаласының және облыстың 10 аудандық емханалары жұмыс істейді. Барлық жұмылдырылған емханаларда егу жұмыстарын жүргізу санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелердің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Жамбыл облысы бойынша ағымдағы жылы вакцинаның түсуіне қарай 18 жастан асқан 593700 адамды COVID-19-ға қарсы вакцинациялаумен қамту жоспарлануда (бұл – облыс халқының жалпы санының 52%-ы). Бұдан басқа, кейіннен халықтың қосымша осал топтарын қоса отырып, контингентті кеңейту көзделуде.

Қазақстанда жұқпалы ауруларға, оның ішінде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация тегін, ерікті түрде және вакцинациялауға ниет білдірген адамның ақпараттандырылған келісімімен жүргізіледі. Вакцина ерікті түрде жүргізіледі. Коронавирусқа қарсы иммундау ​ ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.