Жан майданының жауынгері

0 87

Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары деңгейде болуы керек. Себебі, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін. Тәуліктің кез келген уақытында, аптап ыстық пен қақаған аязда ол отқа да, суға да түседі. Сондай жандардың бірі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесінің Тараз қалалық №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға прапорщигі Бекмұрат Мырзабекович Сұрабалдиев.

Бекмұрат Сұрабалдиев өртке қарсы қызмет органында 30 жылға жуық уақыт жұмыс атқарған уақыттағы қызық пен шұжыққа толы бастан өткерген оқиғалары көп, осы жылдар ішінде бірнеше жанның өміріне арашашы болғандығы бәріне мәлім. Өрт сөндіруші кәсібі басқа жұмыстарға қарағанда өте жылдам әрекет етуді талап етеді. Себебі, дабыл түскеннен кейін арнайы киімдерді киіп, өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына шығу үшін 1 минут ғана уақыты бар. Егер өрттің ішінде адамдар қалған болса, оны құтқару міндеті тұрады. Оқиға орнына келгеннен кейін өрт сөндірушілер өрт орны мен таралу аймағын анықтайды, өрт сөндіру түтік құбырларын дайындап, 1-2 минут ішінде сумен байланыстырады. Шағын өртті бірнеше минутта сөндіруге болады, ал, кей кездері сөндіру жұмысы тәулік бойына жалғасып қана қоймай өзгелерді құтқару барысында өрт сөндіруші өз өміріне де қауіп төндіреді. Әрине, физикалық дайындалған адам баспалдақты қолдануды, жүгіріп, секіруді, ауыр заттарды көтеруді үйрене алады. Бұдан бөлек өрт сөндірушілерге газ түтінінен қорғау құралдарын қолдануды, қатты түтіндеу жағдайында іс-қимыл жасауды үйретеді. Дегенмен ең қиыны – кез келген уақытта өз бойыңнан өзгенің өмірі үшін жан қиюға дайын тұратын қайсарлық пен ерлікті табу дейді — ол.

Бүгінде Бекмұрат Сұрабалдиев  өрттен құтқарған жас балалар ержетіп, бір-бір үйдің отағасы болып отыр.Ал Бекмұрат ағамыздың  шәкірттерінің алды бүгінде полковник шенін алып, басшылық лауазымдарда қызмет атқаруда. Жалпы Бекмұрат Сұрабалдиев өртке қарсы қызмет органындағы алғашқы қызметін қарапайым өрт сөндіруші лауазымынан бастап, бөлімше командирі лауазымына дейін көтерілген. Ол өзі қызмет атқарған жылдар ішінде жүзден астам адамды тілсіз жаудан құтқарып, құнды мүліктерді өрттен аман алып қалуға үлкен үлес қосқан. Қазіргі уақытта қызметке жаңадан қабылданған қызметкерлерге өзінің бойындағы ұзақ жылдар ішінде тәжірибемен жинақталған  кәсіби білімі мен біліктілігін үйретуден еш жалыққан емес.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.