Жанболат Ағаділдің өліміне күдіктінің анасы жұрттан көмек сұрады

137

11 қарашаға қараған түні азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділдің пышақ жарақатын алып, оқиға орнында қаза тапқан болатын.

Алматы, NEGE. Жанболат Ағаділдің өліміне күдікті ретінде ұсталған, 1999 жылғы Өміржан Рахмет әлі қамауда отыр. Ал оның анасы, І топтағы мүгедек Инабат Абдиева баласының еш кінәсі жоқ екенін алға тартады.

  • Тақырыпқа орай: Жанболат Ағаділді өлтірген жігіт кешірім сұрады (видео)

Инабат Абдиева бүгін Facebook-тегі парақшасына көпшіліктен көмек сұраған жазба жариялады.

«Өтінем, мен ешқашан біреуден бір тиын сұрамай, осы баламды пенсияммен өсіріп едім. Өмірде осындай сынақ ауыр, жаныма батты. Бұлай боларымды ойламаппын. Балама адвокат жалдадым. Жұмысына кірісіп те кетті, екі күн болды. Қазағымнан көмек сұраймын. Қанша болса да маған берсеңіздер. Өтінем, балам үшін осындайға барып отырмын», — деп зар илеген ол, банкомат карточкасының нөмірін де жазып қойды.

Айтуынша, құқық қорғаушы оның баласының оқиғаға қатысы жоқ екенін дәлелдеп шығу үшін 1 миллион теңге сұрапты. «Менің одан басқа, оның да менен басқа ешкімі жоқ», — дейді шарасыз әйел.

Ал баласының қылмысты неге өз мойнына алғанын сұраған Қайыркелді Құлбаев атты желі қолданушыға: «Қорқытқан ғой қинап. Ол білмейді кім тыққанын (пышақты, — ред.). Ешкім көрмеген. Оны жоғарыдан профессионалдар істеген, ясно солай», — деп жауап берді, өз ұлын жамандыққа қимай.

Сондай-ақ, Салтанат Жулдиева есімді кісі: «Менттар қалай тез тапты адам өлтірген кісіні? Олар адамды кағып кеткен шоферды немесе үй тонаған кісіні таба алмайтындар. Жылдап жүріп әзер табатын. Мында тез тауыпты. Әлде халықтың аузын жабу үшін бір жертваны тауып алды ма? Конечно тірегі жоқ, жалғыз түйір анасы бар слабый баланы жазықсыздан-жазықсыз соттайын деп жатыр. Біздің Қазақстанда әділдік жоқ, күннен-күнге көзім жетіп отыр», — деп «біраз жерге барып қалды».

Осы орайда, оған жауап берген Инабат Абдиева да: «Сол, ұстап, сразу 2 сағатта видео шығара салды. Без следствие, без доказательство», — деп, баласының бұрын-соңды полиция кеңсесінің есігін ашып көрмегенін айтып отыр.

Инабат Абдиеваның айтуынша, оның ұлын түн ортасында өзін алып кетуді өтініп, оқиға болған жерге досы «алдап-сулап» шақырып алған көрінеді. Соған орай, Мая Қалтайқызы деген желі қолданушы: «Сол шақырған танысы шықсын, халыққа айтсын, «мен оны шақырып едім, ол баланың қатысы жоқ, ол жерде мен болғанмын, мынадай-мынадай оқиға болды, көрдім» деп. Шынымен сіз айтқандай болса, шығып, дәлелдерін келтіріп айту керек еді. Видео түсіргендер кімдер, соларды табыңыздар! Әлі де кеш емес. Дәлел керек, дәлел», — деген кеңес берді.

nege.kz