Жаңалықтар

Жапонияда ҚР Ұлттық күніне орай Қазақстанның туы көтерілді

Қазақстандық павильонға келушілер саны 900 мыңға жетті.

 EXPO National Day Hall алаңында министр А.Шаққалиев пен Osaka EXPO 2025 қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының туын көтеру рәсімі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Арман Шаққалиев Жапония үкіметіне және көрмені ұйымдастыру комитетіне жоғары деңгейде дайындық пен қонақжайлылық үшін алғыс айтып, шараның қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылғанын атап өтті.

Ол сондай-ақ 1991 жылдан бері Қазақстан мен Жапония арасында сауда, инвестиция, ғылым, білім, экология және технология салаларында тұрақты ынтымақтастық дамып келе жатқанын атап өтті.

Жапонияның экономика, сауда және өнеркәсіп вице-министрі Акиёси Като өз сөзінде мәдени алмасудың өзара түсіністік пен екіжақты байланыстарды нығайтудағы рөлін атап өтіп, Қазақстанның Ұлттық күнімен құттықтады.

EXPO аумағында қазақстандық балуан, төрт дүркін әлем рекордшысы Сергей Цырульников, ұлттық киімдегі әртістер мен батырлар қатысқан шеру өтті. Кешкісін Expo Hall Shining Hat сахнасында Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі, Sarmad және Art Dombyra ансамбльдері, опера солистері Зарина Алтынбаева мен Алтынбек Әбілда, «Бірлік» ансамблі және басқа да әртістердің қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Шараны шамамен 3 мың көрермен тамашалады.

Сонымен қатар көрме аумағында Астана қаласы мен Ұлытау өңірінің инвестициялық және туристік әлеуетін танытатын стендтер қойылды.