Жаңалықтар

«Жастар рухы» жаңашылдыққа жетелейді

Дүйсенбі күні «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының кезектен тыс ХІV есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Жиында ұйымның есепті мерзімде атқарған жұмысы талқыланып, «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы сайланды.

Басқосуға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, ұйымның аудандық бөлімшелерінің төрағалары мен белсенділері қатысты.Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша алдымен «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Уәлихан Болатбекұлы баяндама жасады.

Спикер сөз басында «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов жастар қанатының алдына бірқатар маңызды міндет қойғанын жеткізді. Атап айтқанда, жастар мәселелерінің аймақтық карталарын енгізу, дарынды жастар үшін жобалар жәрмеңкесін және басқа да іс-шараларды өткізу, жас көшбасшыларға арналған оқу бағдарламаларының тиімділігін арттыру, NEET санатындағы жастардың проблемаларын шешу жөніндегі жұмысты күшейту, «Бір толқында» пікірталас алаңын және жоғарғы оқу орны түлектерін жұмысқа орналастыру секілді бағыттар айқындалған.

Осы орайда «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалы іргелі ұйым ретінде жастарды толғандырған түрлі мәселелерді шешуге оң ықпал етуде. Жалпы облыстық филиал құрамында 10 аудандық, 1 қалалық бөлімше жұмыс істейді.

– Өткен жылы рухтастар сайлау қарсаңында облыс бойынша 100 мыңнан астам үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында үнпарақ таратылып, партияның сайлауалды бағдарламасы жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ «Жастарға кеңес» партиялық жобасы аясында жастар мен халыққа тегін консультациялар өткізілді. Консультациялық көмек алу үшін 1 500-ден астам адам жүгінді.

Ал «Жастарға жұмыс» жобасы аясында 5 «Бос орындар жәрмеңкесі» өтті. Жәрмеңкеге 400-ден аса жас қамтылып, 180-ге жуығы жұмысқа орналасты. Қалғаны консультациялық көмек алды.Жастардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру және әскери тәрбие беру мақсатында «Қайсар» жобасы іске асуда. Жоба аясында өңірде 12 іс-шара өткізілді. «Сарбаз болғым келеді» акциясы шеңберінде 200-ге жуық оқушы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты «Шөлдала» шекара заставасы мен №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде әскери қызметтің қыр-сырымен танысып, бөлім қызметкерлерімен кездесулер өткізді.

Қаржылық сауаттылық, кредит беру, жұмысқа орналастыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы 3 000-нан аса жасты қамтыған 110 диалог алаңы ұйымдастырылды.

«Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері әрқашан біздің жобалардың іске асуына белсене қатысып, қалыс қалған емес. Нәтижесінде былтыр өткен республикалық «Рухтастар» сыйлығының «Рухты белсенді» номинациясын Ерхан Мелдебектің жеңіп алуы аталмыш бағыттағы жұмыстың жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғанын білдіреді. Сондай-ақ, «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясын көзі көрмейтін және нашар көретін балаларға арналған Брайль қарпіндегі «Дәрігер реинкарнациясы» комикс жобасының авторы Мұхтарәлі Әбуәлі жеңіп алып, үздіктер қатарынан көрінді.

Мұхтарәлі Мұратұлының жобасы арнайы кітап болып басылып, таныстырылымы өтті. Брайль қарпіндегі «Дәрігер реинкарнациясы» комиксі 100 таралыммен басылып шығып, тиісті мекемелерге таратылды, – деген У.Болатбек республика көлемінде бастау алған «Ізгілік апталығы» өңірде жастардың ұйытқы болуымен жоғары деңгейде өткенін жеткізді.Мұнан соң «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының Талас, Жуалы аудандық бөлімшелерінің жетекшілері де есеп берді.Өз кезегінде «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов сөз алып, атқарылған жұмыстарға бағаларын берді.


– «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының кезектен тыс VI съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жастарының айрықша түсінуге тиіс үш маңызды мәселесін атап өткен болатын. Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиеттер.Біріншіден, Мемлекет басшысының айтуынша, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды, болашақтың кілті цифрлық технология мен инновацияда. Сондықтан бірнеше тіл біліп, түрлі кәсіп игеру жастардың қолынан келеді.Екіншіден, жастар адал еңбекті бағалап, рухы биік, санасы сергек болуға тиіс.

Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, жаһанданудың жағымсыз әсерлерін де естен шығармау керек.Үшіншіден, отаншылдық қасиет туралы Мемлекет басшысы әркім қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезіну керек екенін, туған елге құрмет жалынды сөзден емес, жасампаз істен көрінетінін, алдына мақсат қойған азамат нағыз мемлекетшіл тұлғаға айналатынын ерекше атап өтті.

Бүгінгі күні жасампаз елдің жастары мемлекетттік қызметте, білім, ғылым, мәдениет пен спорт, кәсіпкерлік, бір сөзбен айтқанда сан салада аянбай еңбек етіп келеді, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Жиын соңында қатысушылардың дауыс беруімен Ерғали Әбуғали «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.