Жаңалықтар

Жастардың жұмыссыз жүргені жарамайды

Жастардың жұмыссыз жүргені жарамайды

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтіп, онда өңірдегі мемлекеттік жастар саясаты төңірегінде үш өзекті мәселе қаралды. Жиынға кеңес мүшелері, салалық басқармалар мен мекеме басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдері, жастар ресурстық орталықтары директорлары мен үкіметтік емес жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты. Кеңес төрағасы Е.Жылқыбаев жиындағы кіріспе сөзінде 2019 жыл елімізде Жастар жылы деп жарияланып, соның аясында біраз жұмыс атқарылғанына тоқталды. Дегенмен жастармен жұмыс істеу, жастардың тәрбиесі, әлеуметтік мәселелері, қоғамдағы өзгерістерге белсенді араласып, қылмыстан бойын аулақ ұстауы сынды мәселелер қашанда өзекті екенін айтып өтті. – Осы мәселелер бойынша облыс әкімі де біраз тапсырмалар берген. Сол себепті жастармен қандай жұмыстар атқарылып жатыр, алға қойған жоспарлар қандай, деген сұрақтарға жауап іздеп, талқылау үшін жиналып отырмыз, – деді. Ал күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – өңірде мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуы туралы облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа баяндама жасап, ол ағымдығы жылы басқарма тарапынан жоспарланған іс-шаралар мен көзделген мақсатты индикаторлардың орындалғанын және облыс әкімінің бұған дейін өткен кеңестерде берген хаттамалық тапсырмалары бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Мәселен басқармаға берілген 17 тапсырманың нақты 9-ы орындалып, қалған 8-і орындалып жатыр. Сонымен қатар 2019 жылғы 20 желтоқсандағы облыс әкімдігінің жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысында берілген 25 тапсырманың 22-і орындалып, үшеуі орындалу кезеңінде екен. Биыл облыста жастар саясатын жүзеге асыруға тиісті мүдделі органдармен 799,4 миллион теңге қаржы қаралыпты. Баяндамаға зер салсақ, атқарылып жатқан жұмыстың басым бөлігі жастар жұмыссыздығымен күреске бағытталған. Әсіресе NEET санатындағы жастардың мәселелерін шешуге басымдық берілген. Биыл олардың қатары облыста 7,4 пайызды құрап, саны 17 604-ке жетіпті. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,1 пайызға көп. Сондықтан облыстағы NEET санатындағы жастардың дерекқоры әзірленіп, адрестік жұмыстар қолға алыныпты. – Бірақ осы мәселе бойынша бірқатар кемшіліктерді атап өткен жөн. Бүгінгі күнге басқарма тарапынан ұсынылған дерекқорға сәйкес Тараз қаласы, Жуалы, Меркі аудандары өзіне тиесілі жұмысты толық аяқтамай отыр, ал Байзақ, Мойынқұм аудандарында мүлдем жұмыс жүргізілмеген, – деді Серікбол Қайратұлы. Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастыруға жергілікті бюджет есебінен қосымша 26 миллион теңге қаражат бөлініп, ағымдағы жылдың тамыз-қараша аралығында қосымша 500 жасты маусымдық жұмысқа тарту көзделуде. Хабарламада басқарма басшысы облыстағы ерікті жастар күшімен атқарылып жатқан ерлікке пара-пар жұмыстарға да тоқталды. Әсіресе әулиеаталық волонтерлерге төтенше жағдай кезінде үлкен сенім артылды. – Облыс аумағында волонтерлік қызметпен құрамында 6 784 волонтері бар 13 ұйым айналыcады. Волонтерлік қызмет үшін қолайлы ортаны дамыту және волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіретін «Asyl mura» фронт офисі ашылып, жастар игілігі үшін қызмет көрсетіп жатыр. Волонтер жылы аясында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен 7,3 миллион теңгеге 21 волонтер-жасқа 300 мың теңгеден гранттар бөлінді. COVID-19 пандемиясына байланысты карантин жарияланған күннен бастап волонтерлер күнделікті халыққа көмек көрсету бойынша «Birgemiz» акциясы аясында жұмыстар атқарды. Төтенше жағдай кезінде «Әулиеата жастары» волонтерлық штабы құрылып, онда өз еркімен 717 ерікті қызмет атқарды. Олардың көмегімен 9 352 адамға азық-түлік қораптары үлестірілсе, 2 023 адамға дәрі-дәрмек жеткізіліп берілді. 1 743 жалғызілікті қарияның тұрғын үйлеріне барып шаруашылық жұмыстарына көмек көрсетті. Және де тұрғындарға 100 мыңнан астам тегін бетперде таратылды, – деді басқарма басшысы С.Берікқожа. Сондай-ақ ол жастар арасындағы қылмыс 27 пайызға көтеріліп кеткенін жеткізді. Атап айтқанда Тараз қаласы, Меркі, Талас, Сарысу, Шу және Қордай аудандарында жастар қылмысы көбейе түскен. Бұған қоса өзіне-өзі қол салу фактілері де азаймай отыр. Жыл басынан бері 13 жас өз-өзіне қол жұмсап, оның 8-і қайтыс болған. Хабарламада ауылдық жерлерде жастармен жұмыс істейтін орталық мамандарының орташа жалақысы 57 мың теңге екені де айтылды. Б.Серікқожа сол мамандардың жалақысы бойынша ауылдық квотаны 25 пайызға дейін көтеру бойынша облыс әкіміне ұсыныс-хат жазғанын және ол бойынша берілген тапсырманы Шу мен Т.Рысқұлов аудандарынан басқалары орындамай отыр екен. Баяндаманы мұқият тыңдаған Ержан Жұматұлы күнде бола бермейтін мұндай жиында атқарылған жұмыстармен қатар саладағы кемшілік, проблемалардың да айтылып, дер кезінде шешімін тауып отыру керектігін ескертті. – Салада жүйелі проблемалар жеткілікті. Кешегі Қасқабұлақтағы жағдай осыны көрсетіп отыр. Жұмыссыздық мәселесі өзекті болып тұр. Ұлы Абай айтқандай «Жұмысы жоқтық, қарны тоқтық, аздырар адам баласын» демекші, төбелес, қылмыс дегендер осындайдан шығады. «Jas Otan» жастар қанаты, жастар ресурстық орталығы осындай жағдай болып жатқанда неге үнсіз отырады? Неге жергілікті жастармен кездесіп, мән-жайды анықтамайды, – деген сын-ескертуін айтты. – NEET жастар бойынша республикада алдыңғы қатардамы, «Жастар практикасы» бойынша төменгі орындамыз, 5000-дай вакансия бола тұра жастар қоғамдық жұмысқа келмейді, ол бойынша жұмыс атқарылмайды. Негізі басқармалар арасындағы байланыс нашар. «Еңбек», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша қаншама қаражат бөлініп жобалар жүзеге асуда. Қазір біз сол жобаларға жұмыс күшін таппай отырмыз. Ал жастар жұмыс таппай жүр, – деген Е.Жылқыбаев жастар арасында әлеуметтік сауалмана жүргізіп, ай сайынғы жүйелі талдау керектігін айтты. Бұған дейінгі кеңес отырыстарында мемлекеттік жастар саясатын сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік беретіндей дербес ғимаратпен қамту туралы тапсырма берілген екен. Десе де Талас, Мойынқұм аудандарында бұл мәселе әлі күнге шешімін таппаған. Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев жастарды жеке ғимарат тауып беретінін уәде етті. Ал жиынға Қордайдан бейнебайланыспен қосылған қоғам белсендісі Исламбек Дастан саладағы бірқатар проблемаларға тоқталып, соның ішінде Мойынқұм ауданына тағайындалған әр әкім жастарға дербес ғимарат тауып беретін уәделері оншақты жылдан бері сөз күйінде қалып жатқанын ашып айтты. Кеңес отырысындағы келесі мәселе, яғни жасөспірімдер мен жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу бойынша атқарылған жұмыстар жайлы облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова баяндады. Өз сөзінде басқарма басшысы облыстағы білім беру ұйымдарында жасөспірімдер мен жастар арасында тәрбие жұмысы негізгі 8 бағыт бойынша іске асырылып жатқанын айтып, биылғы оқу жылы осы бағыттар бойынша түрлі форматта барлығы 40 008 іс-шара ұйымдастырылса, оның ішінде 10058 іс-шара рухани-адамгершілік бағытында өткенін мәлімдеді. Оқушылар сол іс-шаралар арқылы рухани құндылықтардың негіздері, елге қызмет етудің рөлі, туған өлкенің тарихының ерекшелігі, этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастардың маңыздылығы туралы көптеген ақпарат алып, білімдерін жетілдіргенін жеткізді. Ал «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасының іске асырылуы туралы облыстық «Еріктілер қозғалысы» қоғамдық қорының басшысы Медет Нұрділлаұлы айтып берді. Белсенді жас Мемлекет басшысының осы жылды Волонтер жылы деп жариялап, ел атынан өздеріне зор сенім артқанын және Жамбыл жастары сол сенімді жоғары дәрежеде ақтап алып шығатынын айтып өтті. Отырыс соңында көтерілген мәселелер бойынша Е.Жылқыбаев аудан әкімдері мен тиісті басқармаларға бірқатар хаттамалық тапсырма берді  

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ