Жастармен жүйелі жұмыс жолға қойылған

0 8

 

Байзақ ауданында «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Заңы және мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын орындау жөніндегі кешенді жоспары өз деңгейінде жүргізілуде.

Бүгінде аудан бойынша 14-29 жас аралығындағы жастар саны 25720, ал бұл жалпы аудан халқының 21,7 пайызын құрап отыр. 2022 жылға бекітілген межеге сәйкес, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 991 жасты тарту жоспарланса, қазіргі таңда 279 жас жұмыспен қамту шараларына тартылды.

Нақты межелер айқындалған 10 индикаторлық көрсеткіште белгіленді. Оның ішінде, 7 көрсеткіш аудан жастарын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға бағытталған. Индикатордың тағы бір тармағы жастарға кеңес беру. Ағымдағы жылдың жарты жылдығында 5918 жасқа түрлі кеңес беріліп, жастар мәселесін оңтайлы шешу мақсатында тиісті мекемелерге жолданып, шешімін тапты.

Жастар ресурстық орталығы тарапынан жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілуде. Жұмыссыздықты азайту мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасақтарын құру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 30 жас маусымдық жұмыспен қамтылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын аудан жастарына насихаттау мақсатында арнайы топ құрылған. Жолдаудың басым бағыттарын жастар арасында түсіндіру жұмыстарына аудан белсенділері қамтылды.   «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарын жан-жақты түсіндіру және дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу мақсатында өңірдегі діни ахуалды тұрақтандыру бойынша желілік кестеге сәйкес жастармен іс-шаралар өткізілді.

Қиналғанға қол ұшын созып, айналасындағыларға дәйім қамқорлық танытып жүретін еріктілердің орны қашанда ерекше. Еріктілер көктемгі дала жұмыстарына тартылып, тал-дарақтар егу, көгалдандыру акцияларына атсалысты. Экологиялық мәдениет қалыптастыру және көгеріштендіру мақсатында еріктілермен «Таза ауыл», «Экосана», «EkoLiFe» тақырыптарында сенбіліктер ұйымдастырылып, 9 тоннаға жуық күл-қоқыс тазартылды. Одан өзге волонтерлік «Қамқор» бағыттары аясында әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты қарттардың үйіне  қайырымдылық, тазалық жұмыстары жүргізілді.

Алдағы уақытта да аудан жастарымен бірлесіп жүйелі жұмыс жүргізе береміз.

Бағдат АДИЛОВ, Байзақ ауданы жастар ресурстық орталығының директоры.

Leave A Reply

Your email address will not be published.