Жат ағым – Жаһандық індет
Діни экстремизм мен терроризмнен қалай сақтануға болады?
«Кәмелетке толмағандар арасында деструктивті діни идеологияның таралуын алдын алу және болдырмау» тақырыбында семинар өтті деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары 2013 жылдан бері арнайы мемлекеттік бағдарламалар аясында жүйелі түрде атқарылып келеді. Сол жылдары еліміздің діни ахуалында келеңсіз жағдайлардың орын алуы да баршамызға мәлім. Осы жайттар тұрғындар арасында мемлекеттің дін саласындағы саясатын жете түсіндіру қажеттілігін, дін атын жамылған жат ағымдардың теріс ықпалының алдын алуды күн тәртібіне қоюды талап етті.
Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысы динамикалық өзгерістерге бейім және уақыт талаптарын ескеретін жүйе.
Аталған жайтты ескере отырып, облыс әкімдігінің дін істері басқармасы тарапынан 2024 жылдың 27 қыркүйек күні «Кәмелетке толмағандар арасында деструктивті діни идеологияның таралуын алдын алу және болдырмау» тақырыбында мектеп және колледж директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, психологтар, білім бөлімдерінің өкілдеріне арналған облыстық оқыту семинарын өткізілді.
Мақсатты топ өкілдерінің біліктілік деңгейін көтеру мақсатында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ философия ғ.к., дінтанушыКеңшілік Тышхан, ҚР ҰҚК Академиясының Терроризмге қарсы дайындық орталығының аға оқытушысы, психологЛолахон Набибуллаевна Махмеджанова және Жамбыл облысы әкімдігінің Психологиялық қолдау орталығының басшысыРишат Еркінұлы Райф арнайы шақыртылып, өз тақырыптарында дәрстер өткізді.
Дін – адамзат тарихында жаратылысынан бері бар әрі барлық дәуірде адаммен бірге жасасып келе жатқан ұлы күш. Адамның ішкі сұранысында әлденеге сеніп өмір сүру әуелден бар қажеттілік. Сол себепті діннің адамзатқа ықпалы қазір де өз күшінде. Адамзат тарихында жекелеген дінсіз адамдар болғанымен, дінсіз қауым, дінсіз қоғам болмаған. Қазірге дейін шамамен 10 мыңнан аса дін мен діни наным-сенімдер пайда болған. Жер шарында 8 миллиардқа жуық адам болса, солардың 85%-нан астамы қандай да бір діни сенімді ұстанады. Ал 50%-нан астамы христиан діні мен ислам дінін ұстанып өмір сүруде. Ғалымдар өлімге шара табылмайынша, дінге деген мұқтаждық жойылмайтынын айтады. Кезінде дін бар болғаны сауатсыздықтан, табиғат күштері мен өмірдегі қиындықтардың алдындағы шарасыздықтан туындағанын айтушылар да болған. Бірақ уақыт көрсетіп отырғандай қазір жан-жақты дамыған әлемде де дін өмір сүріп келеді. Дін – адамзат қоғамының ажырамас бөлшегі. Ал осы дінді қазіргі күнде қалай түсінудеміз. Ислам теологиясына сүйенер болсақ дін мен ислам бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым. Барлық діндердің мақсаты – адамзатты ізгілікті іс жасауға шақыру. Ал жалпы діндердің ұқсасы – барлығында ақырет, жұмақ, тозақ секілді құбыластар кездеседі. Ислам дінінде ең алғашқы түскен сүре Алақ сүресі «Иқра» яғни «оқы» деп басталады, сол себепті білім алу мұсылман адамға парыз деп түсініп жатамыз. Ислам бейбітшілікті қалайды деп жер-жерде түрлі деңгейде конференциялар өтіп жатыр. Бірақ неге ислам дінінің алғаш тамыр жайған жері Таяу Шығыста әлі күнге дейін қантөгіс пен аштық, ауру мен бесіктен белі шықпаған балалар қалам алуға емес қаруға асығады. Ол жақты алмай-ақ өзімізге келер болсақ: мен әлхамдулиллах мұсылманмын деп өз ата-бабасының ұстанған салт-дәстүрін жоққа шығарып, қыз баласын қаласын қаламасын тұрмысқа беріп құтылуға асығатын келте балақты діншіл азаматтардың қатары көбеюде. Әдебиетімізді ашып қарар болсақ «намазхан» деген сөзді таппаймыз. Бірақ намаз оқитын мұсылман жамағатын көрсе «намазхан бауырлар» деген тіркес қосыла айтылатын болып жүр.
Діни экстремизм Ислам құндылықтарын сақтау жолында үндеу тастаған өздерінің пікірлестерін діни принциптерді бұзушылар деген айыптаулармен кінәлайды. Діни-саяси экстремизм болса, әртүрлі діни пікірлерге негізделгеніне қарамай, олардың іс-әрекеттері Қылмыстық істер кодексінің баптарына сәйкес келеді. Яғни, діни-саяси экстремизм – діттеген саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін, дінді қалқан ете отырып әрекет етуші, дінге ешқандай қатысы жоқ іс-қимыл. Басқаша атағанда – терроризм (лаңкестік). Мұндай әрекеттер көбіне мемлекеттің құрамын күшпен өзгертуге немесе үкіметті басып алуға бағытталады. Қауіпті жағдайға айналған осындай әрекеттерді іске асыру, көбіне қарулы топтар құрып, өзара өшіктіру әдістерін қолдану арқылы дін және ұлттық қайшылықтарды қоздырумен, сондай-ақ адам құқын жаппай бұзумен қатар жүреді.
Мұндай шектен шыққан экстремизм әртүрлі мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп қана қоймай, дінаралық жағдайдың ушығуына да себепкер болуда. Экстремистер қай діннің атынан белсенділік танытса, бәрінен де көп зиян шегетін сол дін. Саяси экстремизм тек саяси мүддені ғана көздейді. Олар адамдардың дінге деген құрметі мен сенімін өз мақсаттарына кеңінен пайдалана отырып, дін үшін әрекет етіп жүргендей көрінуге тырысады.
Діни-саяси экстремизм әдетте ешқандай ымыраны мойындамай, ортақ келісімнен бас тартады, ешкімді жақтырмайды, тіпті оларды қолдап жүрген дін өкілдерінің пікірі болса да ешқандай саяси пікірлермен санаспайды. Діни экстремизм үшін «Харам мен халал» (арам мен адал), «өзіңе қалағаныңды басқаға да қала» деген қағидалар болмайды. Олардың басты қаруы қатігездік пен шапқыншылық. Сонымен қатар діни антқа байлап қойған адамдардың экстремистік қатардан шыға қоюы өте қиын.
Экстремизмді айыптау, егер Құран және сүннет негізінде болмаса, онда адасушы мұсылмандар айыптауды мойындамайды, бос сөз қатарында қабылдайды. Кінәлілер айыптаушыларды – надан, жалақор ретінде азғыруы да мүмкін. Ислам шариғатымен амал етіп, басқаға үлгі бола білу, әрі шариғат талаптарын орындау, өркениетті қоғам орнатудағы аса сенімді жол екенін түсіндіре білу – діни эктремизмге қарсы қолданар ең үлкен қару. Әлемдегі құбылыстардың қандайы болмасын өзіндік пайда болу ықтималдығына бағытталған әсерге негізделе отырып, ережелер мен заңдарға сүйенген себептері мен салдары бар. Бұл заңдылықтар қатарына тек философиялық ой-пікір тұжырымдары ғана емес, еш күдіксіз қабылдануы бұйырылған Илаһи заңдылықтар да жатады.