Желіде митингілерге үндейтін хабарламалар тарады – бас прокуратура ескерту жасады

0 18
Бас прокуратура әлеуметтік желіде митингілерге үндейтін хабарламаларға сенбеуге шақырды.
«Әлеуметтік желілерде 24 және 25 қазанда орталық алаңдарда жергілікті атқарушы органдармен келісілген митингілерге қатысу туралы жалған хабарламалар мен арандатушылық үндеулер жарияланып жатыр. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл күндері осы жерлерде қандай да бір митингілер өткізу келісілмеген», — делінген ресми ақпаратта.
Демалыс күндері тек Республика күніне арналған мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі.
«Ал жалған хабарламалармен жарияланған акцияларды ұйымдастыру және оларға қатысу, сондай-ақ оларға шақыру заңсыз саналады», — деп ескертті прокурорлар.
Десе де митингілерді немесе өзге де бейбіт жиналыстарды өткізудің заңды тәртібі бірнеше рет түсіндірілгеніне қарамастан, оны бұзатындар баршылық.
Осы орайда мамандар бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі заңмен бекітілгенін еске салды. Оны бұзғаны үшін жаза қарастырылған. Мәселен, 15 қазанда Алматы қаласында заңсыз митингке қатысуға шақырған бір ер адам екі аптаға қамауға алынды. Оған дейін тағы бір адам тура сондай жауапқа тартылған.
Прокурорлар заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа берілмеуге және заңсыз акциялардан бас тартуға шақырып отыр. Ал құқық қорғау органдары кез келген құқықбұзушылықтың жолын кесу үшін барлық шараны қабылдайды.
Leave A Reply

Your email address will not be published.