Жер қойнауының байлығы халық игілігіне қызмет етуі керек – Бердібек Сапарбаев
Жер қойнауының байлығы халық игілігіне қызмет етуі керек – Бердібек Сапарбаев
"Жер қойнауының байлығы халық игілігіне қызмет етуі керек". Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өткен кеңесте осылай деді. Жиында келісімшарттық міндеттемелерді орындау жайы қаралды. Бүгінде Жамбылда 319 жер қойнауын пайдалану нысаны тіркелген. Ірі жер қойнауын пайдаланушылар қатарында «ЕуроХим Удобрения», «Монтерро Қазақстан», «Қазақсода», «Жамбылгипс» және тағы да басқа компаниялар бар. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтың айтуынша, 2019 жылы инвестициялардың жалпы көлемі 63,2 миллиард теңгені, ал салық түсімдері 9,8 миллиард теңгені құраған. Облыс аумағында тағы 17 кәсіпорын тіркеліп, жергілікті бюджетке салық төлемдерін аудара бастапты. - Өңірдің экономикасы мен оның тұрғындарының әл-ауқаты жер қойнауын сапалы пайдалануға да байланысты. Негізгі мәселе – жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерін орындауы. Бұған компаниялардың қызмет ететін орны бойынша тіркелуі, инвестициялар салу, жергілікті кадрларды даярлау және әлеуметтік төлемдер жатады. Бүгінде аталған шарттардың орындалуына қатысты бақылау әлсіз жүргізілуде, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев. Жауаптылар жер қойнауын пайдаланушылар арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқандарын алға тартты. Дегенмен, Бердібек Машбекұлы мемлекеттік қолдау шаралары туралы жеткілікті түрде хабар берілмейтінін тілге тиек етіп, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетудің экономика үшін ауадай қажет екенін ескертті. - Біздің жеріміздің қойнауы халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс. Сіздер бизнестің әлеуметтік бағытын ұмытпау керексіздер. Барлық келісімшарттық міндеттемелер сақталуы қажет. Әкімдер мен тиісті құрылымдар тарапынан қатаң бақылау орнату керек. Геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейту қажеттілігі туындауда. Құқық қорғау органдарына жер қойнауын заңсыз пайдалануға бақылауды күшейту бойынша тапсырма берілді. Әсіресе, Мойынқұм ауданында өз беттерінше техникалармен жұмыс істейтіндер аз емес, ал аудан әкімі олардан мүлде хабарсыз. Бүгінгідей пандемия мен экономикалық қиындықтар кезеңінде жұмысшылар жалақыны уақытылы және толық көлемде алуы тиіс. Жалақының жыл сайынғы өсімі кем дегенде 10-15 пайызды құрап отыруы керек, - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.