Жаңалықтар

Жобалардың мүмкіндігін тиімді пайдалану керек

Жобалардың мүмкіндігін тиімді пайдалану керек

  Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен кеңесте  республикалық және жергілікті  жобалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері көтерілді. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Г. Жауынбекова алдағы жылға арналған бюджет, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы, «Асарлатып үй салу», тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобаларының орындалу барысы туралы баяндады. Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру бойынша пилоттық жобасы 14 ауылдық округте іске асуда, ағымдағы жылы тағы 10 ауылдық округке қаржы бөлу қарастырылуда. Осыған байланысты облыс әкімі 2023 жылдың бюджетіне берілген өтінімдерді қайта қарап, қаржыны сол ауылдарға бағыттау керектігіне назар аудартты. -  Біз бұл жобалардың мүмкіндігін әр ауылда тиімді пайдалануға тиіспіз. Жергілікті тұрғындардың тұрмысын жақсарту мен ауылдағы әлеуметтік мәселелерді де қатар шешуге барынша көңіл бөлу керек. Барлық жұмыстардың кешенді түрде орындалуы маңызды. Ол үшін пилоттық жобаға енген округтердегі өзекті мәселелерді талдап, шешу бойынша ұсыныстар әзірлеңіздер. Ауыз су, газ тарту, әлеуметтік нысандармен қамту бойынша жобалық сметалық құжаттарды тезірек дайындауға көңіл бөліңіздер, - деген аймақ басшысы аудандар мен басқармаларға бірлесіп жұмыс жүргізуді тапсырды. Ал «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша баспанаға мұқтаж жандарға 121 үй салып беру жоспарланып, 18-і пайдалануға берілген. Жиында аудан әкімдері жыл соңына дейін қалған үйлердің барлығы толығымен тапсырылады деп уәде берді. Аймақ басшысы «Асарлатып үй салу жобасының» түпкі мақсатын тағы бір еске салды.