Жоғалған сүңгуірдің денесі 35 күннен кейін табылды

0

Жамбыл облысының Шу ауданында сүңгуір кәсіби міндетін орындау кезінде қаза тапты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің хабарлауынша, бір ай бұрын жоғалған сүңгуірдің денесі бүгін табылып отыр.

«2021 жылдың 3 сәуірінде Шу ауданының Тасөткел су қоймасында 1997 жылы туған азаматшаны іздестіру кезінде қатты желден қайық аударылып, салдарынан Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Жұмағали Жеңісбекұлы Әбдірахманов іс-түссіз кеткен болатын. Іздестіру-құтқару жұмыстары 35 күн бойы жүргізілді», — дейді ведомствоның ресми өкілі.

Бүгін сағат 12.20-да Шу ауданының Тасөткел ауылынан 3 шақырым жерде, Тасөткел су қоймасында Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы Жұмағали Әбдірахмановтың денесін тапты.

Ведомствоның мәліметінше, іздестіру жұмыстары басталғаннан бері барлығы 130-дан астам адам, кинологтар, 16 техника, 2 тікұшақ, 9 жүзу құралы жұмылдырылған.

Жұмағали Жеңісбекұлы Әбдірахманов азаматтық қорғаныс органдарында 2001 жылдың наурыз айынан бері қызмет атқарып келген. Үйленген, артында екі баласы қалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.