Жаңалықтар

Жуалы ауданының әкімі сайланды

Жуалы ауданының әкімі сайланды

Жамбыл облысы Жуалы ауданының әкімі болып Жалғас Әлижанұлы Мұртаза сайланды. Облыс әкімі ауданның активіне қатысып, жаңадан сайланған әкімді таныстырып, бірқатар нақты міндеттер жүктеді. – Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сегізінші сайланған ҚР Парламентінің алғашқы сессиясында ағымдағы жылы елімізде 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімінің сайлауы өтетіндігін жеткізген болатын. Президенттің осы саяси реформасын іске асыру барысында облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес, ағымдағы жылғы 5 қарашада пилоттық негізде Жуалы және Т.Рысқұлов аудандары әкімдерінің сайлауы өтті. Жуалы ауданы бойынша сайлаушылардың 62,9 пайызы өз таңдауларын жасады. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратына сәйкес сайлау барысында ешқандай заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Өңірде тұрақты қоғамдық-саяси ахуал сақталды. Бұл сайлау – қоғамды демократияландырудың маңызды институты, халықтың ерік-жігерін білдіру, оның мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі нысаны болмақ. Пилоттық негізде Жуалы ауданында өткен сайлау барысында Жалғас Әлижанұлы аудан халқының көпшілік даусымен аудан әкімі лауазымына сайланды. Ендеше, аудандық сайлау комиссиясының шешіміне сәйкес Жуалы ауданының әкімі болып сайланған Жалғас Мұртазаны құттықтаймыз,-дей келе облыс әкімі ауданның әлеуетін тиімді пайдаланып, әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру бойынша нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ, аймақ басшысы басты бағыт – сайлауалды және Жуалы ауданын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламалары негізінде тиісті индикаторлардың орындалуына баса назар аударуды, өзекті мәселелерді шешу бойынша жан-жақты сапалы жұмыстар атқаруды тапсырды. Жиында Жуалы ауданы әкімінің аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия  Алтыбаева сайлау қорытындысын баяндаса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтхан Жұмашев, Жуалы аудандық мәслихатның депутаты Ермек Абдиваитов та өз ойларын ортаға салды. Айта кетейік, Жалғас Мұртаза 1988 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару», М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын өндіру» мамандықтары бойынша  бітірген. Еңбек жолын 2010 жылы Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінде сарапшы болып бастаған. Әр жылдары ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Қаржылық жұмыс және бюджеттік жоспарлау департаментінің сарапшысы, бас сарапшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, Жамбыл облысы әкімі аппаратының өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық  жұмысы бөлімінің басшысы, туризм басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2022 жылғы маусымнан бастап Жуалы ауданы әкімі лауазымында еңбек етіп келді.