"Ұзындығы 16-18 см": Астанада тілі өсіп кеткен әйелге ота жасалды
"Ұзындығы 16-18 см": Астанада тілі өсіп кеткен әйелге ота жасалды
Ұлттық ғылыми онкология орталығының мамандары сирек кездесетін "макроглоссия" диагнозы бар 62 жастағы науқастың тілін резекциялау бойынша бірегей операцияны сәтті жасаған. Ведомство мәліметінше, макроглоссия - тілдің шамадан тыс ұлғаюымен сипатталатын сирек кездесетін патология. Бұл ауруда тіл аузына сыймайды, сондықтан кейбір пациенттер жиі аузын ашып жүруге мәжбүр болады. Макроглоссия көбінесе тыныс алудың, әсіресе түнде, жұтыну, және сөйлеу бұзылуына әкеледі, өмір сүру сапасын едәуір нашарлатады. Министрлік мұндай патологияның сирек жағдайларына және хирургиялық тәжірибенің болмауына байланысты барлық медициналық мекеме операцияны қабылдауға дайын емес екенін атап өтті. "Пациент ұйқы кезінде тыныс алудың бұзылуынан (апноэ), жұтынудың бұзылуынан және сөйлеудің бұзылуынан зардап шекті. Соматикалық жағдай бірқатар қатар жүретін ауруларды күшейтті: жүректің ишемиялық ауруы, миокард инфарктісі, коронарлық тамырларды аортокороналдық шунттау операциясы, жоғары дәрежелі артериялық гипертензия, қант диабеті, церебралдық атеросклероз, созылмалы вертебробазилярлық жеткіліксіздік", - деді ведомство өкілдері.