Денсаулық

Денсаулық министрлігі тәтті сусындарға неге салық салуды ұсынғанын түсіндірді

Балалар арасында семіздіктің белең алуы қанты көп сусындар үшін акциз енгізуге себеп болып отыр

Денсаулық сақтау министрлігі халықтың денсаулығы үшін қант қосылған сусындарға қосымша салық салуды ұсынып отыр. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. 

Оның айтуынша, қазір Қазақстанда семіздік пен қант диабетіне шалдыққандар санының өскені байқалады. Әсіресе, семіздік балалар арасында белең алған. Ал артық салмақ болашақта созылмалы аурулардың асқынуына әкеп соғады. 

Вице-министрдің пікірінше, қант қосылған сусындарға салынатын салық тұтынуды азайтуға көмектеседі. Десе де министрлік бұл шарамен шектеліп қалмайды. Таңбалау енгізу, баланың дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыратын ата-аналармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. 

Алайда ведомствоның бұл бастамасын сусын өндірушілері қолдамай отыр. Есмағамбетованың айтуынша, бизнестің қарсы болуы қалыпты құбылыс. Себебі акциз оларға қосымша жүктеме түсіреді. 


Бұған дейін Jambylinfo.kz тілшісі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарушы директоры Салтанат Назаровадан тәтті сусындарға салынатын жаңа салық туралы сұхбат алған еді.