жұма, 22 қараша, 2024 3:34

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстанда “тәтті” салық пайда болуы мүмкін: халық пайдасын көре ме, әлде зардабын тарта ма

Қазақстанда “тәтті” салық пайда болуы мүмкін: халық пайдасын көре ме, әлде зардабын тарта ма
ашық дереккөзі
Денсаулық сақтау министрлігі халықтың қамы үшін құрамында қанты көп сусындарға салық енгізуді ұсынып отыр.

Осылайша семіздік пен инфекциялық емес аурулармен сырқаттанушылық деңгейін азайтпақ. Министрлікке қарайтын Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарушы директоры Салтанат Назарова Jambylinfo тілшісіне берген сұхбатында тәтті сусындарға жаңа акциз неліктен қажет екенін және қашан енгізілуі мүмкін екенін айтып берді.

Қазақстанда қант қосылған сусындарға акциз салығын енгізу мәселесі соңғы төрт-бес жыл бойы көтеріліп жүр. Өйткені тәтті, энергетикалық сусындар мен шырындарды тұтынатындар саны көбейген. Тәтті сусындарға әсіресе мектеп жасындағы балалар құмар. Соның салдарынан халық арасында семіздік пен инфекциялық емес аурулар белең алып барады. Осыған байланысты ұлттың саулығын ойлаған денсаулық сақтау министрлігі қосымша салық салу бастамасын тағы көтерді.

 Жаңа салықты Қазақстан ойлап тауып отырған жоқ

Ұлттық орталықтың басқарушы директоры Салтанат Назарованың айтуынша, әлемнің 55 елінде тәтті сусындарға салық салынады. Мәселен, Сауд Арабия, Катар, Англия, Бельгия, Ирландия, АҚШ-тың кейбір штаттары. Қазақстан да халықаралық тәжірибені зерттеп-зерделеген.

“Өкінішке қарай, соңғы жылдары елімізде қант қосылған сусындарды тұтыну өсіп барады. Дұрыс тамақтанбаумен байланысты инфекциялық емес аурулар, дәлірек айтқанда, қант диабеті, жүрек-қантамыр жүйесі, онкология сияқты аурулар қауіпті деңгейге жетудің аз-ақ алдында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы денсаулықты нығайту мақсатында зиянды өнімдерге салық салу инфекциялық емес ауруларға әкеп соқтыратын факторларды азайтудың ең тиімді шарасы екенін айтады. Халықтың денсаулығына барынша оң әсері болуы үшін акциздік салық енгізу ұсынылады. ДДСҰ-ның ұсынымы бойынша оның мөлшері кем дегенде 20 пайызды құрауға тиіс”, – дейді Назарова.

Сондай-ақ, оның айтуынша, республикада инфекциялық емес ауруларды емдеуге қыруар қаражат жұмсалады. Шамамен жылына 2 триллион теңге. Яғни ел экономикасына инфекциялық емес аурулардан келетін шығын да қосымша салық енгізуге мәжбүрлеп отыр.

Бизнес қарсы

Әу баста тәтті сусындарға акциз “Дені сау ұлт” жобасы аясында 2023 жылы енгізілуге тиіс болған. Алайда, Назарованың айтуынша, өнім өндірушілер тарапынан қарсылық қатты болды. Осылайша бұл бастама кейінге шегеріліп, Денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасына 2025 жылға енген.

“Кәсіпкерлермен соңғы екі-үш жыл шамасында біраз тартыс болып жатыр. Әрине, олар тәтті сусындарға акциз енгізуге қарсы. Бірақ әлемдік тәжірибе салықтың тауар өндірушілерге ешқандай теріс әсері болмайтынын көрсетіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жинаған ақпараттар мен ұсынымдар бар. Біз оларды өнім өндірушілерге жібердік”, – дейді басқарушы директор.

Әзірге тәтті сусындарға салық салу – жай ғана ұсыныс. Мұндай норма қабылдана ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Бұл бастама үкімет пен бизнес қоғамдық арасында әлі талай талқыланады. Қазір денсаулық сақтау министрлігі құрамында қанты бар сусындардың өзге де тәтті өнімдерге қарағанда адам денсаулығына зияны көбірек екенін дәлелдеу үшін талдау әзірлеп жатыр. Сол себепті акциздің нақты ставкасын атау әлі ерте. Десе де ДДСҰ-ның ұсынымы бойынша 20%-тен кем болмауы керек. Назарова жыл сайын бұл көрсеткіш көтерілуі мүмкін екенін ескертті.

Қант неге денсаулықтың жауы?

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ақпаратынша, ересек адам күніне орта есеппен 70-90 грамм қант тұтынады. Алайда ДДСҰ мұны 30 граммға, яғни 6 шай қасыққа дейін азайтуға кеңес береді. Себебі қант адам ағзасына өте зиян, әсіресе оны шамадан тыс тұтынған кезде. Қант майдың жиналуына әсер етеді, жалған аштық сезімін оятады, қартаю процесін тездетеді, тәуелділік тудырады. Бұған қоса ағзаны В дәрумендерінен айырады, жүректің жұмысын нашарлатады, энергия қорын сарқып, кальцийді ағзадан шығарады.

2020 жылы елімізде ДДСҰ бастамасы аясында ұлттық орталық балалардың семіздігін эпидемиологиялық қадағалау бойынша эпидемиологиялық зерттеу (COSI) жүргізген. Зерттеу бастауыш сынып оқушыларын қамтыды.

“Бүкіл республика бойынша барлығы 153 мектептен 6890 бала қатысқан еді.  Соның нәтижесі бойынша 6-9 жастағы балалардың 20,6%-ында артық салмақ бар екені, ал 6,6%-ы семіздікке шалдыққаны анықталды. Қыздарға қарағанда ұлдар арасында артық салмақ пен семіздік жиі кездеседі. Сондай-ақ, қалада тұратын балалар арасында артық салмақ пен семіздік ауыл балаларына қарағанда айтарлықтай жоғары екені белгілі болды”, – дейді Назарова.

COSI сауалнамасына сәйкес, 6-9 жас аралығындағы балалардың 30,8%-ы  аптасына 4-7 рет қантты сода ішеді, ал 17%-ы бұл сусынды күнде тұтынады. 2015 жылдан бастап бес жыл ішінде балалар арасында тәтті сусындарды тұтыну деңгейі 22,5-тен 30,8%-ға дейін өскен.

Бұдан бөлек, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы 2022 жылы тағы бір зерттеу жүргізген. HBSC зерттеуі елімізде төрт жыл сайын өткізіліп тұратын көрінеді. Назарованың сөзінше, оған 11 мен 15 жас аралығындағы оқушылар қатысады. Республика бойынша 121 мектептен 8500-ден астам жасөспірім қамтылған.

Осы зерттеудің нәтижесіне сүйенсек, жасөспірімдердің 14,4%-ы кола мен қант қосылған сусындарды күнделікті тұтынады. Тәтті сусындарды қыздарға қарағанда ұлдар көп ішеді екен.

Балалар арасында кариестің таралуы да қант тұтынуды шектеуге себеп болып отыр. Мәселен, республика бойынша балалар арасында кариестің таралуы 76%-ды құрайды, ал бірқатар ауылда бұл көрсеткіш 98%-ке жеткен.

Назарова жыл сайын қант диабетімен диспансерлік есепке тұратын науқастар да көбейіп бара жатқанына алаңдады. 2015-2019 жылдар аралығында 25,5%-ға ұлғайған. Қант диабеті көру қабілетінің жоғалуы (ретинопатия), полиневропатия, нефропатия (бүйректің зақымдануы созылмалы бүйрек жеткіліксіздігіне әкеледі), жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі ауруларының асқынуына әкеп соғады.

Маманның сөзіне сенсек, Қазақстанда барлық өлім-жітімнің 84 пайызына инфекциялық емес аурулар себеп болады.

“Әрине, бір ғана акциз халықтың денсаулығын жақсартуға көмектеспейді, бұл жерде кешенді жоспар қажет. Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Тәтті өнім өндіретіндердің рецептураны өзгертуіне ықпал ету қажет. Қосымша салық, бәлкім, рецептураның өзгеруіне әсер етіп қалар”, – деп түйіндеді сөзін Назарова.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар