ҚР Сыртқы істер министрлігі ядролық қарудың таралуына жол бермеу мақсатында келісім әзірлеуді жеделдетуге шақырды
- авторАрайлы Жақсылық
- 22 маусым, 2025
- 257

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты мәлімдеме жасады.
АҚШ пен Иран арасындағы соңғы әскери қақтығыстар салдарынан халықаралық ахуал күрт нашарлап, бұл жағдай біздің өңірдегі мемлекеттердің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіруі мүмкін екені атап өтілді.
Қазақстан Каспий маңы елдерінің қатарына кіреді және Иранмен түрлі салаларда ынтымақтастық орнатқан. Біздің ел барлық қайшылықтар, соның ішінде ядролық мәселе де, БҰҰ Жарғысына сәйкес, тек келіссөздер арқылы шешілуі тиіс деп санайды.
«Ядролық қаруды таратпау режимін ұстанатын мемлекеттердің қауіпсіздігін халықаралық бақылау аясында қамтамасыз ету үшін және ядролық қарудың таралуына жол бермеу мақсатында мүдделі елдердің барлығын тиісті келісім әзірлеу жұмысын жеделдетуге шақырамыз», – делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.