сәрсенбі, 8 сәуір, 2026 12:44

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

АҚШ пен Иран екі апталық бітімге келісті

АҚШ пен Иран екі апталық бітімге келісті
Фото: Kevin Lamarque/Reuters
АҚШ президенті Дональд Трамп Иран ұсынған бейбіт жоспарды «жүзеге асыруға болатын» бастама деп бағалап, оның қақтығысты тоқтатуға жол ашуы мүмкін екенін айтты.

Иранның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғары кеңесінің мәліметінше, келіссөздер 10 сәуірде Исламабад қаласында өтеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz DW-ға сілтеме жасап.

АҚШ Ормуз бұғазы арқылы кемелердің қауіпсіз әрі кедергісіз өтуі қамтамасыз етілсе, Иранға бағытталған әуе соққылары мен әскери әрекеттерін екі аптаға тоқтатуға дайын. Бұл туралы Трамп 7 сәуір күні Truth Social желісінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл шешім Шехбаз Шарифтың өтінішінен кейін қабылданған. АҚШ басшысы сондай-ақ елінің әскери мақсаттары толық орындалғанын жеткізді.

Трамп Иранмен ұзақ мерзімді келісімге келу бағытындағы жұмыстар да алға жылжып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, Иран ұсынған он тармақтан тұратын құжат келіссөздерге негіз бола алады, ал екі апталық үзіліс қалған мәселелерді пысықтауға мүмкіндік береді.

The New York Times дерегінше, АҚШ-тың Иранға жасаған соққылары қазірдің өзінде тоқтатылған. Ал CNN мәліметіне сүйенсек, Израиль де бұл уақытша бітімге қосылып, шабуылдарын доғарады.

Тегеран бітімге келісетінін растады

Иранның Fars агенттігі ел билігінің бітімге дайын екенін хабарлады. Сонымен қатар, Тегеран бұл жағдайды өз пайдасына шешілген маңызды жетістік деп бағалап отыр. Иран тарапы АҚШ қысқа мерзімді үзіліске емес, соғысты толық тоқтатуға бағытталған ұсынысты қабылдауға мәжбүр болды деп есептейді.

Аталған он тармақтан тұратын жоспар бұған дейін Пәкістан арқылы АҚШ-қа жеткізілген. Құжатта Иранға салынған санкцияларды жеңілдету және Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерге төлем енгізу мәселелері қамтылған.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи алдағы екі апта ішінде бұғаз арқылы кеме қатынасы қауіпсіз әрі реттелген түрде жүзеге асатынын айтты.

Иранның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғары кеңесі келіссөздер Исламабадта өтетінін және олар «АҚШ-қа толық сенім артпайтын жағдайда» жүргізілетінін мәлімдеді.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар