Ауғанстан мен Пәкістан 48 сағатқа атысты тоқтату туралы келісімге келді
- авторБақытжан Бекболат
- 16 қазан, 2025
- 345
Ауғанстандағы «Талибан» билігі мен Пәкістан үкіметі шекара маңында болған қарулы қақтығыстардан кейін уақытша бітім жасауға келісті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz BBC-ге сілтеме жасап.
48 сағатқа созылатын атысты тоқтату режимі сәрсенбі күні түстен кейін, сағат 13:00-де күшіне енді. Тараптардың әрқайсысы бұл бастаманы қарсы жақ ұсынғанын айтып отыр.
Оған дейін Спин-Болдак ауданында болған атыс кезінде ондаған адам көз жұмып, жүзге жуық адам жараланды деген ақпарат тараған. Алайда бұл деректер әзірге тәуелсіз көздер арқылы расталмады.
Қақтығыстар Кабул мен Кандагарда орын алған жарылыстардан соң күшейген. Пәкістан тарапы Ауған аумағындағы нысандарға әуе соққылары жасалғанын хабарласа, «Талибан» бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы мен халықаралық ұйымдар екі елге сабыр сақтап, бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды. Сарапшылардың пікірінше, Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы шиеленістің ушығуы аймақ тұрақтылығына елеулі қауіп төндіруі мүмкін.






