
Тұтқынды босату тікелей АҚШ-пен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде жүзеге асқан, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
"Қос азаматтығы бар израильдік сарбаз Эдан Александр бітімге келу, бақылау бекеттерін ашу және Газа секторындағы халқымызға көмек көрсету жолындағы қадамдар аясында босатылады", – деді ХАМАС өкілдері.
Бұл оқиға АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығысқа жоспарланған сапарының алдында орын алды.
TRUTH Social желісінде Дональд Трамп Эдан Александрды «тірі қалған соңғы америкалық тұтқын» деп атады.
Босатылған аға сержант Эдан Александрды ХАМАС сарбаздары 12 мамыр күні Қызыл Крест өкіліне тапсырған. Ол Израиль армиясының Рейм шекаралық елді мекеніне жақын маңдағы базасына жеткізілді. Бұл туралы The Times of Israel басылымы жазды.
Алғашқы мәліметтерге сүйенсек, Эдан Александр ұзақ уақыт бойы торда, қолы кісендеулі күйде ұсталған. Оған қатыгездік көрсетіліп, бірнеше апта бойы тергеуге алынған. Ол 2023 жылдың 7 қазанында ұрланған. Ұзақ уақыт ХАМАС-тың оңтүстіктегі туннельдерінің бірінде басқа тұтқындармен бірге болған.
Нью-Джерси штатының Тенафлай қаласында жүздеген адам Эданның босатылуын қуанышпен қарсы алды. Қуаныш иелері қатарында жергілікті мектеп оқушылары да бар. Мектеп әкімшілігі бұл күні балаларға сабақтан бос уақыт берген.