Еуроодақ тұрғындарды коронавирусқа қарсы вакциналауды бастады. Коронавирустың «британдық» штаммы әлем елдеріне жайылуда. АҚШ президенті Дональд Трамп америкалықтарға материалдық көмек туралы заңға қол қоюдан бас тартты.
Пандемия басталғалы әлемде коронавирусты 80 миллионнан астам адам жұқтырды. Оның ішінде 45 миллионы жазылып шықты. Қайтыс болды – 1,75 млн науқас. Індетке шалдыққандар саны бойынша бірінші орында АҚШ (19 миллионға жуық) тұр, одан кейін Үндістан (10,1 млн), Бразилия (7,4 млн) және Ресей (3 миллионнна астам) орналасқан.
Еуропалық одақта вакциналау басталды
Еуроодақ жексенбі күні азаматтарды Covid-19-ға қарсы вакциналау кампаниясын ресми түрде бастады. ЕО егу науқанын Британия мен АҚШ-тан кейін бірнеше аптадан соң бастады. Себебі Pfizer-BioNTech вакцинасы бойынша Дәрілік препараттар жөніндегі еуропалық агенттіктің мақұлдауын күтті. Кезең-кезеңімен 446 млн адамды вакциналау күтілуде. Дегенмен, Еуропалық комиссия өндірушілермен Pfizer-BioNTech-тің 200 млн дозасын жеткізуге ғана келісімшарт жасасқан. Алда тағы 100 миллионы қосымша сатып алынбақ. Кеше Еуропалық комиссияның өкілі Урсула фон дер Ляйен мәлім еткендей, Pfizer-BioNTech вакцинасы Еуроодақтың барлық 27 еліндегі Вакциналау орталықтарына жеткізілді.
Жекелеген елдер егу науқанының ресми басталуын тоспай, оны сенбі күні бастап кетті. Мәселен, 26 желтоқсанда Германияда вакцинаны алғашқы болып Хальбершдадт қаласындағы Қарттар үйінің тұрғындары алды.
Италияда екпені бірінші болып Римдегі Спалланцани ауруханасының үш медициналық қызметкері салдыртқан. «Вакциналау жақсы өтті. Бұл, қобалжуға толы, тарихи сәт болды», - деді 28 жастағы медбике БАҚ-пен әңгімесі барысында.
Вирустың таралуы үдей түсуде
Өткен аптада Британияда табылған коронавирустың қауіпті штаммы еуропалық бірнеше мемлекетте тіркеліп үлгерді, сондай-ақ Жапония мен Канадада анықталды. Испания, Швецария, Швеция және Франция жұқтыру жағдайларын Британиядан келгендермен байланыстыруда. Алайда, Канаданың Онтарио провинциясында коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар британиялықтармен қарым-қатынаста болмаған.
Жапонияда Лондоннан оралған азаматтық авиацияның 30 жастағы пилоты және 20-30 жастағы қыз шалдыққан. Ел билігі сенбі күні бір айға шекараны жабатынын мәлімдеді.
Өткен апта басында Ресей елі Канада, Түркия, Аргентина және Ираннан кейін Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатты. Мұндай шараға барлығы 35 мемлекет барды. Бұл шешім Британия үкіметінің елде коронавирустың анағұрлым қауіпті штаммы анықталғаны жөніндегі мәлімдемесінен кейін қабылданған.
АҚШ: Трамп материалдық көмек туралы заңға қол қойған жоқ
АҚШ Президенті Дональд Трамп сенбі күні ел азаматтарына материалдық көмек көрсету туралы заңға қол қоюдан бас тартты. Оның айтуынша, заңда көрсетілген біржолғы төлемнің көлемі тым аз – жылына 75 мың доллардан аз табатын америкалықтарға 600 долларға жуық.
Трамп бұл соманы кем дегенде 2 мың долларға арттыру керек деп есептейді. Алайда, Конгресстегі Республикалық фракция мүшелері төлемақыны көтеруге келіспеуде. Пандемияға байланысты азаматтарға көмек пакетінің бюджеті 1,4 трлн долларды құрайды.
Егер де Конгресс көмек туралы заңды немесе қосалқы жаң жобасын сейсенбі күні қабылдамаса, онда АҚШ үкіметіне «шатдаун» қаупі төнеді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Жамбылдық ерікті Министрдің алғыс хатымен марапатталды
Ұқсас жаңалықтар
Жасанды интеллект: Қазақстан 50 озық елдің қатарына енді
- авторМағжан Орынбасар
- 7 қараша, 2024