жексенбі, 27 шілде, 2025 11:22

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

“Мен бұл сыйлықты алмаймын”: Пәкістан Трампты Нобель сыйлығына ұсынды

“Мен бұл сыйлықты алмаймын”: Пәкістан Трампты Нобель сыйлығына ұсынды
Getty Images/Alamy Stock Photo
Пәкістан үкіметі АҚШ президенті Дональд Трампты 2026 жылғы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынды.

Бұл туралы үкіметтің ресми мәлімдемесі X әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтында жарияланған. Онда бұл ұсыныс “жақында болған Үндістан мен Пәкістан арасындағы дағдарыс кезінде оның батыл дипломатиялық қадамдары мен шешуші көшбасшылығын мойындау белгісі ретінде” жасалғаны айтылған.

“Өңірлік тұрақсыздық ушығып тұрған сәтте президент Трамп Исламабад және Нью-Делимен белсенді дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, үлкен стратегиялық көрегендік пен мемлекеттік даналық танытты. Бұл қарқынды түрде нашарлап бара жатқан жағдайды бәсеңдетуге, нәтижесінде атысты тоқтатуға және ядролық қаруы бар екі мемлекет арасындағы кең ауқымды қақтығыстың алдын алуға ықпал етті. Ондай қақтығыс аймақтағы және әлемдегі миллиондаған адам үшін апатты салдарға әкелер еді”, – делінген мәлімдемеде.

Пәкістан үкіметінің пікірінше, бұл қадам Трамптың шынайы бітімгер ретіндегі рөлін және қақтығыстарды диалог арқылы шешуге деген ұстанымын көрсетті.

Пәкістан тарапы АҚШ президентінің бұл әрекеттері Таяу Шығыстағы қазіргі дағдарыстар кезінде де өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа үлес қоса береді деген үміт білдірді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Нобельдің бейбітшілік сыйлығын алу мүмкіндігін өзі де бағалады. Truth Social желісінде ол Конго мен Руанданың дүйсенбі күні АҚШ-тың атсалысуымен бейбіт келісімге қол қоятынын жазды.

“Мен Нобельдің бейбітшілік сыйлығын алмаймын, Үндістан мен Пәкістан арасындағы соғысты тоқтатқаным үшін де алмаймын, Сербия мен Косово арасындағы соғысты тоқтатқаным үшін де алмаймын, Мысыр мен Эфиопия арасындағы бейбітшілікті сақтағаным үшін де алмаймын… Мен бейбітшілік сыйлығын не істесем де алмаймын. Мейлі ол Ресей мен Украина немесе Израиль мен Иран болсын. Нәтижесі қандай болса да. Бірақ халық бәрін біледі, және мен үшін маңыздысы – осы!” – деп жазды Трамп.

Басқа Нобель сыйлықтарынан ерекшелігі – бейбітшілік сыйлығына үміткер ұсыну үшін Нобель комитетінен ресми шақырту қажет емес. Нобель қорының жарғысына сәйкес, лауреаттарды Норвегия парламенті тағайындайтын Норвегия Нобель комитеті таңдайды. Дональд Трамп бұған дейін де бірнеше рет бейбітшілік сыйлығына ұсынылған, алайда АҚШ президенті бұл марапатты әлі алған жоқ.

Арайлы Жақсылық
Автор

Арайлы Жақсылық

Арайлы Жақсылық

Ұқсас жаңалықтар