Ақтаулық түлектер бітіру кешінен бас тартып, қайырымдылық жасады
- авторАрайлы Жақсылық
- 21 маусым, 2025
- 250

Сән-салтанатты мерекелік кеш өткізудің орнына, 97 түлек жиналған қаражатты қайырымдылыққа бағыттауды жөн көрді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. Олар бұл қаржыны ерекше қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсететін «Періште» орталығына аударған.
“Сенің бес минутың — бір адамнығ өмірі” атты қайырымдылық акциясын лицей түлектерінің өздері бастамашы болып ұйымдастырған. Бұл бастама ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан толық қолдау тапқан. Жас түлектердің бұл қадамы азаматтық жауапкершілік пен әлеуметтік сезімталдықтың жарқын көрінісі ретінде бағаланды.
Жиналған қаражат аутизм спектріндегі бұзылыстары бар балаларды қолдайтын қорға аударылды. Бұл қаражат балалардың қоғамға бейімделуіне көмектесетін арнайы бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталмақ.
— Бұл жай ғана бір реттік қайырымдылық шарасы емес. Лицей түлектері өз істерін өзгелерге үлгі боларлық қадам және жаңа челлендждің бастауы ретінде қарастырады. Олар әрбір түлек қуанышты сәтін игі істерге айналдырып, қоғамға оң өзгеріс әкеле алады деп сенеді, — деді лицей ұжымы.