Германияның «Христиан демократиялық одағы» партиясы (CDU) 2021 жылғы қаңтарда конгресс өткізіп, партияның жаңа көшбасшысын сайлайды. Сондай-ақ жаңа басшы келер жылы өтетін канцлерді сайлауға түседі. Қысқасы, немістер қаңтар айында канцлер Ангела Меркельдің ізбасарын анықтайды.
Бір қызығы, Меркель ханымның мерзімі аяқталып келе жатқанымен, Германияда оның танымалдылығы бірнеше есе арта түсті. Мәселен, өткен айда жүргізілген сауалдамаға сүйенсек, оны қолдайтындар саны 70 пайыздан асып түсіпті. Жауап бергендердің көпшілігі канцлердің коронавируспен күрестегі еңбегін жоғары бағалаған.
Дегенмен, 2021 жылдың қазанында Ангела Меркельдің өкілеттігі аяқталады. Содан кейін ел тізгінін кім ұстамақ? Оның ізбасары кім болмақ? Қазір Германияны осы сұрақ мазалап тұр. Әсіресе таяуда телеарналардың біріне сұхбат берген канцлердің сөзі пікірталасты одан әрі дамыта түсті. Сұхбат барысында журналист «Бәлкім, кейде осы қызметте қала бергенім дұрыс болар еді деген ой келе ме?» деген сұрағына Меркель «жоқ» деп қысқа қайырған. Осылайша, ізбасарға қатысты болжам қызу талқыға ұласып жатыр.
Әу баста қазіргі канцлер өзінің ізбасары ретінде қорғаныс министрі Аннеграт Крамп-Карренбауэрді таңдаған еді. Бірақ CDU партиясының ішінде қолдауға ие болмағандықтан, ол ұсыныстан бас тартты. Негізі Аннеграт ханым 2017 жылдан бері партияның төрағасы қызметін атқарып келген еді. Осылайша, CDU-дің тізгінін ұстауға тартыс қыза түсті.
Қазіргі таңда Меркельдің жолын жалғаудан үміткер үшеу. Олар: Германияның ең халқы көп өңірі – Солтүстік Рин-Вестпалия премьер-министрі Армин Ласчет, Бундестагтың сыртқы істер комитеті төрағасы Норберт Роеттген және заңгер Фридрих Мерц.
Жалпы, «Христиан демократиялық одағы» партиясының көшбасшысын таңдау қиынға соғып тұр. Аннеграт Крамп-Карренбауэр лауазымынан бас тартқаннан кейін көп ұзамай коронавирус пандемиясы басталып, партия ішілік сайлау жайына қалды.
Жоғарыда Меркельдің ізін жалғайтын үш кандидаттың тізімін келтірдік. Дәл қазір солардың қайсысы озып шығатынын дөп басып айту қиын. Жалпы, Ангела ханым Армин Ласчетті дұрыс көреді. Коронавирус індеті жаппай тарағанға дейін ол туралы ел ішінде жылы пікір қалыптасқан-тұғын.
Бірақ пандемия бәрін өзгертіп кетті. Мәселен, Солтүстік Рин-Вестпалия штаты вирустан қатты зардап шекті. Аймақта дертке шалдыққандар саны күн санап артып жатқан кезде Ласчет локдаун енгізуге асыққан жоқ. Оның үстіне, алғашқылардың бірі болып карантиндік шектеу шараларын жеңілдетуге кірісті. Осылайша әп-сәтте тұрғындардың наразылығына ұшырады.
Сарапшылардың пайымдауынша, Ласчеттің коронавирусқа жол бермеу жөніндегі әрекеттері оның көшбасшылық қабілетіне нұқсан келтірді. Нәтижесінде, оның партия төрағасына сайлану ықтималдылығы күрт төмендеген.
Норберт Реттген мен Фридрих Мерцтің де асығы алшысынан түсіп тұрғаны шамалы. Әйтсе де кейінгісі сауалдамаларда қарсыластарына қарағанда бір саты жоғары тұр. Оның үстіне, Мерц өзінінің либералды көзқарасымен белгілі. Бірақ партияның ішінде аса танымал емес.
Қысқасы, Германияның келесі канцлері кім болатыны әзірге жұмбақ. Өйткені Ангела Меркель секілді саясаткерді алмастыру екінің бірінің қолынан келе бермейтіні белгілі. Басқасын айтпағанда, ірі халықаралық жиындарда, жоғары деңгейдегі кездесулерде үнемі қызғылт-сары бешпет, қара шалбар киіп жүретін Ангела Меркельді әлемдік қоғамдастық салмақты саясаткер, қажымайтын қайраткер ретінде жақсы біледі.
Кез келген мәселеде өз елінің мүддесімен қатар, Германия мүше болып табылатын Еуропалық одақтың да мүддесін қорғаудан әсте шаршаған емес. Сондықтан болар, оның ұсынысымен одақ құрамындағы елдердің басшылары да санасады.
Ангела Меркель Германия тарихында канцлерлік қызметке сайланған тұңғыш әйел және ол осы жоғары лауазымды атқарғандардың ішіндегі ең жасы. Сондай-ақ саясаткер ГФР канцлері болып төрт мәрте, «Христиан-демократиялық одағы» партиясының жетекшілігіне қатарынан тоғыз рет сайланған тұлға.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Жерорта теңізінен табылған байлық
Ұқсас жаңалықтар
Жасанды интеллект: Қазақстан 50 озық елдің қатарына енді
- авторМағжан Орынбасар
- 7 қараша, 2024