сәрсенбі, 28 қаңтар, 2026 18:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Нетаньяху: Газа секторында палестиналық мемлекет құрылмайды

Нетаньяху: Газа секторында палестиналық мемлекет құрылмайды
Фото: Abir Sultan/Pool/AFP/Getty Images
Израиль Газа секторында палестиналық мемлекеттің құрылуына жол бермейді, ал аймақты қалпына келтіру ХАМАС радикалды қозғалысы толық қарусыздандырылып, демилитаризация жүргізілмейінше басталмайды.

Бұл туралы сейсенбі, 27 қаңтар күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz DW.com-ға сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Израиль Иордан өзенінен Жерорта теңізіне дейінгі бүкіл аумақты, соның ішінде Газа секторын да бақылауда ұстауды көздейді.

«Мен Газа демилитаризацияланбай тұрып, оны қалпына келтіруге рұқсат беріледі деген мәлімдемелерді естіп жатырмын. Бұл болмайды. Сондай-ақ Түркия мен Катардың әскерін Газаға енгіземіз деген сөздер айтылуда — ол да іске аспайды. Мен Газа аумағында палестиналық мемлекет құруға келіседі екенмін деген әңгімелер бар. Мұндай болған емес және ешқашан болмайды», — деп келтіреді Нетаньяхудың сөзін The Times of Israel басылымы.

Израиль премьерінің айтуынша, 26 қаңтарда соңғы кепіл — 24 жастағы Ран Гвилидің мәйіті қайтарылғаннан кейін Израиль ХАМАС-тың қару-жарағын жоюға және Газа секторын демилитаризациялауға толық кірісті. Бұл шаралар қатарына содырлар қазған туннельдерді жою да кіреді. Нетаньяхуның айтуынша, бұл мақсатқа жеңіл жолмен бола ма, әлде күрделі жолмен бола ма — бәрібір, ол міндетті түрде жүзеге асады.

Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы

Таяу Шығыстағы жағдай 2023 жылғы 7 қазанда күрт шиеленісті. Еуроодақ пен АҚШ террористік ұйым деп таныған радикалды исламистік ХАМАС қозғалысы Израильге ауқымды шабуыл жасады. Содырлар Израиль аумағына жаппай зымыран соққыларын жасап, ел аумағына басып кіріп, қазіргі Израиль мемлекеті тарихындағы бейбіт тұрғындарға қарсы ең жаппай қырғынды ұйымдастырды — шамамен 1200 адам қаза тапты. Сонымен қатар олар 250-ге жуық адамды кепілге алып, Газа секторына алып кеткен. Кейбір кепілдер айырбас арқылы немесе босатылды, бір бөлігі қаза тапты.

Бұған жауап ретінде Израиль ХАМАС-қа қарсы соғыс жариялады. Газа секторындағы құрлықтағы операциялар мен әуе соққылары салдарынан 71 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, тағы шамамен 170 мың адам жараланған. Бұл деректерді ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігі келтіреді. Алайда аталған ведомство қаза тапқандардың ішінде қанша адамның содыр болғанын және ауруханаларда табиғи себептермен көз жұмған адамдардың бұл статистикаға кіргізілген-кіргізілмегенін нақтыламайды.

Бітім және Трамптың Газаға арналған бейбіт жоспары

2025 жылдың қазан айында Израиль билігі мен ХАМАС АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп әкімшілігі әзірлеген бейбіт жоспар аясында атысты тоқтатуға келісті. Келісімнің орындалуына АҚШ, Түркия, Катар және Мысыр кепіл болды. Бірінші кезеңде ХАМАС тірі қалған барлық израильдік кепілдерді қайтарып, оның орнына Израиль түрмелеріндегі палестиналық тұтқындар босатылды.

Қаңтардың ортасында Ақ үй Трамптың Газа секторындағы соғыс қимылдарын түпкілікті аяқтауға бағытталған жоспарының екінші кезеңі басталғанын мәлімдеді. Бұл кезең аясында «Бейбітшілік кеңесі» мен оған бағынатын Ұлттық комитет құрылып, аймақты уақытша басқаруды өз қолына алады. Кейін бұл міндет Палестина ұлттық әкімшілігіне берілуі тиіс.

 

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар