сәрсенбі, 25 желтоқсан, 2024 12:03

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қашықтан оқыту деген жақсы сылтау болды

Қашықтан оқыту деген жақсы сылтау болды
ашық дереккөзі
Қашықтан оқыту деген жақсы сылтау болды

Меркі ауданындағы төрт мектепте жөндеу жұмыстары әлі  күнге жалғасуда. Сенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен ауданға арнайы барып, жағдайдың себептерімен танысты.

Мердігер «КАСУБ-Тараз» ЖШС Ақермен ауылындағы А.Хасенов атындағы №11 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Мұнда 439 оқушы білім алады. Жөндеу жұмыстарына байланысты кезекші сыныптардағы 43 оқушы Мәдениет үйінде оқуға мәжбүр болып отыр. Облыс әкімі мектепті аралап, Мәдениет үйіне де атбасын бұрды. Ол аудан әкімінің, мердігердің және мектеп директорының жұмысын қатаң сынға алды.

– Оқу жылына дайындық барысына бір емес, бірнеше лауазымды тұлға жауапты десек те олардың барлығы өз міндеттеріне немқұрайлы қараған. Нәтижесінде – балалар шағын Мәдениет үйінде, ыңғайсыз жағдайда оқуда, – деді аймақ басшысы.

 width=Гранитогорск ауылында 120 оқушыға арналған жаңа мектеп бой көтеруде. Мердігер – «Темір-Строй Сервис и Ко»ЖШС. Жаңа ғимарат осы жылдың соңында  пайдалануға берілмек.

Ал, 50-ші жылдары салынған ескі ғимаратта қазір барлығы 228 оқушы дәстүрлі форматта білім алуда.

Ойтал ауылындағы №48 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі кезде  құрылысшылар спорт және акт залдарының құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Оқу ғимаратында кезекші сыныптарда 100-ден астам оқушы оқуда. «ҚазМұнайГаз» ЖШС нысанды тамыз айының соңында тапсыруы тиіс болатын. Ал шілде айында осы ауылдағы №12 мектеп дайын болуы керек еді. Бірақ «Дос және К Сервис» ЖШС мердігерлік компаниясы нысанды енді ғана пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

 width=Жеміс-жидек ауылында 1105 оқушы No44 орта мектепте оқиды десек, бүгінде кезекші сыныптардағы 100-ден астам оқушының балабақшада білім алуына тура келіп тұр. Өйткені аталған мектептегі жөндеу жұмыстарын мердігер «Ерк-Астана» ЖШС  да қазан айының басында аяқтауға уәде беруде.

– Егер компаниялар созылуды жалғастыра берсе, екінші тоқсанның басында олардың уақыты тарылады. Екінші тоқсаннан бастап республикалық деңгейде дәстүрлі оқыту түріне көшу бойынша шешіп қабылданса, онда сіздер жағдайдан қалай шығасыздар?

Директор, аудан әкімі, ауыл әкімі бірлесіп жұмыс барысын қадағалап, мердігерлерден мүмкіндігінше жұмысшы күшін көбірек тартуды талап етуі тиіс. Қашықтан оқыту деген бейқам бастықтар үшін жақсы сылтауға айналды. Балалар немқұрайлы үлкендердің қалаған жерінде емес, мектепке оқуы керек, – деп сынға алды облыс әкімі.

 width=Мектептерді аралау  барысында ол қабаттарда бос орындардың көп екендігін байқап,  оны тиімді пайдалануға болатындығын байқады. Бердібек Сапарбаев ол жерлерде мәжіліс залдарын, өзін-өзі тану сабағын, сондай-ақ өзге де пайдалы ақпараттар бұрыштары  ретінде ұйымдастыруға болатынына назар аудартты.

Бердібек Сапарбаев аудан әкімдігінің ғимаратында өткен жергілікті активпен кездесуде барлық жауапсыз мердігерлер жауапқа тартылатынын баса айтты. Тапсырыс  берушілер жұмыс кестесін бұзғаны үшін сотқа жүгінеді.

«Келер жылы жауапсыз компаниялар биылғыдай мүмкіндікке ие бола алмайды», – деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, бюджет қаражатын игеру, ауыл шаруашылық жерлерін қайтару мәселелері де жан-жақты сараланды.

 width=Айта кетейік, ауданға жұмыс сапары барысында облыс әкімі аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында болды. Орталықта небары 25  тәрбиеленуші бар. Олармен дефектолог, логопед, психолог және басқа да оқытушылар жұмыс жасайды. Орталық директоры Клара Рақаева мұнда 18 жасқа дейінгі балалар қызмет ала алатындығын атап өтті. Шығармашылықпен белсенді айналысатын балалар түрлі байқауларда жеңіс биігінен көрінген.

Келесі жылы орталықта иппотерапия ұйымдастыру жоспарлануда екен. Ол бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын десек, қазіргі таңда қаржыландыру мәселесі шешілуде.

Орталықтың жанынан жеке диагностикалық орталық және «Мейірім-Меркі» дәрігерлік амбулатория салынуда. «Мейірім» медициналық орталығының директоры Гүлдара Нұрымова сатып алынған ескі ғимаратта тамыз айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Қазан айының соңына дейін орталық науқастарды қабылдауға дайын болуы тиіс. Орталық магнитті-резонанстық томография, компьютерлік томография, сандық рентген, УДЗ аппаратымен жабдықталмақ. Онда ауыл тұрғындары тар бейінді мамандардан кеңес ала алады. Қызметтер ТМККК, МӘМС шеңберінде көрсетілетін болады.

 width=

Ләззат Құралбаева,

Меркі ауданы.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар