сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 23:21

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ақындар мүшәйрасының жүлдегерлері анықталды

Ақындар мүшәйрасының жүлдегерлері анықталды
ашық дереккөзі
Ақындар мүшәйрасының жүлдегерлері анықталды

Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл – татулық тірегі» апталығы аясында «Тілім – тұғырым» атты жас ақындардың облыстық жабық жыр мүшәйрасы өткізілді.

Тіл мәдениетін көтеру мақсатында өткізілген жыр додасына аудандар мен Тараз қаласынан 18-35 жас аралығындағы 13 үміткер қатысып, бақ сынады. Олар «Тұнған тарих – туған тілде» және ұлы хакім Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына байланысты «Шын хакім, сөзіңізге баға жетпес, бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес» тақырыптарындағы арнау өлеңдерін жолдаған болатын.

Мүшәйра қорытындысында белгілі ақындар мен қаламгерлерден құралған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде «Aq  jol» газеті «Мәдениет және спорт» бөлімінің редакторы Табиғат Абаилдаевқа бұйырды. Облыстық «ARAI» жастар газетінің бөлім редакторы Нұржан Қадірәлінің өлеңдері бірінші орынға лайық деп танылса, жуалылық Нұржан Дербісәлиев екінші, тараздық Жұматай Көксубайұлы үшінші орынды иеленді.

 

Табиғат Абаилдаев, бас жүлде.

Альфа Центавра

 Ғасыр деп көз тастасаң шарайнаға,

Дейтіндей өткен шаққа қарайлама.

Бағзының біздер үшін бәрі де ескі,

Қазақта ескірмеген Абай ғана.

 

Қазақтың қан тамырын ұстағандай,

Рухы ұшып, тәні аспанға ұшпағандай.

Бір жұлдыз үш бейнелі жарық бөлді,

Қазақтың бойындағы үштағандай.

 

Қазақтың болғандай ма жыры түнек,

Қазақтың кеткендей ме түрі жүдеп.

Жиекте үштағандай жанған жұлдыз –

«Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».

 

Ұлт үшін ұлылығы бөлек тұрар,

Қазағын қай кезде де зерек қылар.

Қазақта тууы үшін тағы да Абай,

Алашқа бір Құнанбай керек шығар.

 

Бұл күні адамдарда бар ма талғам?

Секілді ұлт тағдыры жарда қалған.

Аспаннан жұлдыз ақса Абай деймін,

Қазақтың көз жасындай қарға тамған.

 

Тағдыр-ай, жаңа тарау бастадың ба?

Ұлылық жалқы екенін растадың да.

Абайдың қара сөзі қара жерде,

Абайдың қасиеті аспанымда.

*Альфа Центавра – аспандағы

ең жарық үштік жұлдыз.

 

Нұржан Қадірәлі,  бірінші орын.

 

Хакім рухына хат

...Һәм дат

(түс)

Тіріміз, кеудеде мың сұрақ құрбан,

Түріміз осы міне, жұмақ құрған.

Түсіме Абай кірді мыңды жеңіп,

Ұйқымнан оята алмай жылап тұрған.

 

Тұр дейді тұраламай, уақыт тәмам,

Жақұтқа жан бер дейді бақытқа мән.

Күн сайын қай биікке шықсам дағы,

Бабамның көз жасына батып барам...

 

Бізді де күтті-ау заман бақ болар деп,

Сізді де ақтаған жоқ, даттаған көп.

Алқакөл сұламада сенделген ел,

Әлі де көшеде жүр Ақтабан боп.

 

Ит-құсқа жемдей шашып шақалақты,

Жетім көзден жас пен қан қатар ақты.

Азып-тозып рухымыз күннен-күнге,

Азғындыққа күң еттік махаббатты.

 

Кейуанасы тербетіп мұң бесікті,

Жөн көретін хәл кештік білместікті.

Ар базарын аралап тыр жалаңаш,

Сатқындыққа құл еттік шын достықты.

Өзекке ұлы тепкенде өз анасын,

Өзге қалай барыңды бағаласын?!

Шыңға арулап жерледік шындықты да,

Жалғандықпен оқыдық жаназасын.

 

Қайсының аузы қисық, соған көндік,

Ақыры, ақырып кеп жараңды емдік.

Құдайдан қорықпағаннан қорық деуші ед(і),

Құдайды қорқытатын қоғам болдық.

 

О,Тәңір, ел мен жұртты жұбат мұңнан,

Осының бәрі мені уаттырған.

Көзімді тас жұмған ем көргім келмей,

...Түсіме Абай кірді жылап тұрған!

 

Нұржан Дербісәлиев,  екінші орын.

 

Абайдың атындағы  бұл мектепте...

 Абай ұлы – бұл сөзім сірә да шын,

Абайға арнап бекер жыр құрамасым.

Адамзаттың айнымас құбыласы,

Ардақтап өткен Сізді ұлы Алашым.

 

Басыңды тауға да ұрдың, тасқа да ұрдың,

Байыз таппай, баптанбай, басқа бұрдың.

Байырғы замандардан бізге жеткен,

Баянды байламың мен асқақ үлгің.

 

Мыңмен жалғыз алыстың, кінә қойман,

Құбыласын Шығысқа бұра қойған.

Ақындар көп, алайда, Абай – жалғыз,

Таусылмас тағылым қалған Ұлы Абайдан.

 

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...»,

Абайдан алатұғын тағылым көп.

Алашым абай болмай, азып жүрсе,

Ол-дағы жазылмайтын ауыр індет.

 

Қазақ емес, ғаламға мәшһүр атың,

Адамзатқа ой салу – бас мұратың.

Абайды оқы, таңырқа, енді халқым,

Кезің келді Абайға бас бұратын.

 

Абайды таныған жан кенде болмас,

Ақыл-ойды танығам Сенен алғаш.

Күллі Алаштың ойшылы, бас ақыны,

Абай, Сіз алдаспансыз, асыл-алмас.

 

Қасиетін арттырған қара өлеңнің,

Қарсы алдыңа келеді бара бергім.

Қасқалдақтың қанымен жазып кеттің,

Қасиетін жырладың бар әлемнің.

 

Бір мектеп бар Абайдың атын алған,

Арманым Алатаудай шақыр алдан.

Осынау қасиетті шаңырақта,

Жақсылардың арманы, хаты қалған.

 

Бұл мектепте Абайдың атындағы,

Оқыған батырлар мен ақындары.

Білмеймін, мен осында келсем болды,

Жүрегім жанартаудай лапылдады.

Жүрекке қайғы алмаймын жұрт үшін жай,

Басынан Қаратаудың бұлт ұсынбай.

Қасиетті ауылдан қанат қағып,

Өзіңе қайта оралдым жыл құсындай.

 

Біз бүгін бас иеміз әруағыңа,

Игілікті іс, бүгінгі шаруа мына.

Қайда жүрсем таусылмас шабыт берген,

Құт қонсын, Бақ дарысын шаңырағыңа.

 

Абыройлы болсыншы, ұл-қыздарың,

Алатаудай асқақтап шың-құздарың.

Ұлы ақынның ұлықтап ұлағатын,

Қошқарата ауылының жұлдыздарын.

 

Абай ұлы – бұл сөзім сірә да шын,

Арттағыға сөз қалсын, мұра қалсын.

Адамзаттың айнымас ақиқаты,

Ардақтап өтер Сізді ұлы Алашым...!!!

 

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ, үшінші орын.

 

Атама хат

О,ата !

Қалам алып хат жаздым саған ақыр,

Қызың ер, бұл ғасырда балаң батыл.

Желтоқсанда оянды сіздің жастар,

Қазаққа төнген шақта заман ақыр.

 

Тарқамасын депті леп базарымыз,

Айдан тамған нұрдай боп ажарымыз.

Бұл күндері тәуелсіз ел атанды,

Бір кездегі қайран жұрт қазағыңыз.

 

Биікті көрді халқың аласаны,

Сіздің ел ғылым іздеп таласады.

Еріншек болмады елің, еңбектенді,

Арқадан айбыны үстем қала салды.

 

О,ата !

Емес ұлың мақтанғаны,

Бұл күнде білім қуып бапталғаны.

Сіздің ел ғарыш ұшып айға барды,

Ғылымға осы емес пе аттанғаны!

 

Әр сөзіңіз тұмардай бұл арада,

Тыңдайды данышпан да, ғұлама да.

Бас басына би болмай берекемен,

Тізгінді берді халқың бір адамға.

 

Жолға салдың біздерді өзің ізгі,

Құрандай сүйдік қара сөзіңізді.

Заңғарыңды зерттеуде заманалар,

Сіздің сөзден таныдық өзімізді.

 

Бұл күнде заман тыныш көңіл аман,

Абай тірі, өлмейтін сөзі қалған.

Сіздің ел бүгін қатты құлшынуда,

Біз ертең боламыз деп толық адам.

 

Сізге арнап той жасаймыз жиып көпті,

Атағың бізді әлемге биіктетті.

Махаббатсыз болмайтын дүниеде,

Махаббатпен сені әлем сүйіп кетті.

  Есет Досалы
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар