сәрсенбі, 8 қаңтар, 2025 4:06

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді
Сурет: jambylinfo.kz.
Сапар аясында ол бірқатар нысанды аралады

Облысымызда іссапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты – әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Хатшысы Нұргүл Тау Жамбыл, Байзақ аудандары мен облыс орталығы Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, халықпен жүздесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Алдымен халық қалаулысы Жамбыл ауданындағы тарихи-өлкетану музейінде желтоқсаншылармен, өңір мұғалімдерімен және жастармен «Вейп – ел жастарының ермегіне айналмауы тиіс» атты тақырыпта кездесу өткізіп, пікір алмасты. Әрі қарай депутат аудандық орталық ауруханаға арнайы барып, оның жұмысымен танысты.

Мұнан соң Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» жобасы аясында Жамбыл облысында алғаш бой көтерген Байзақ ауданындағы №7 «Жайлы мектепке» ат басын бұрды. Бүгінгі таңда бұл мектепте 700 оқушы білім алып жатыр.

 Тараз қаласында халық қалаулысы Нұргүл Тау өңірден шыққан кәсіпкер әйелдермен «Анаға тағзым» орталығында жүздесті. Жиынды «Respublica» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Нұрсұлтан Оспанов ашып, жүргізді. Кездесуде Парламент Мәжілісінің депутаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айта келіп, бүгінгі күні кәсіпкерлікке бет бұрған әйелдердің үлесі артып келе жатқанын мақтанышпен жеткізді.

- Жамбыл өңірінде кәсіпкерлік салада атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, қуанып отырмын. Біздің «Respublica» партиясы кәсіпкерлерді қолдайтын партия. Құрылғанымызға екі жыл болды. Қайда барсақ та еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетіп келеміз. Осы салада жүрген әйелдерге үлкен қолдау бар. Біз сіздермен әрдайым бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Ұсыныс тілектеріңіз болса біз тыңдауға, біздің шеңберімізде шешілмейтін болса оны Парламентте көтеруге дайынбыз, - дей келіп, Нұргүл Тау еркін форматта пікірлесуге шақырды.

 Кәсіпкер әйелдер шағын және орта кәсіпкерлік төңірегінде қордаланған мәселелерді көтеріп, ойларымен бөлісті. Отандық бизнесте бәсекелестік ортаның жоқтығы, әкімшілік кедергілердің көптігі, кәсіпкерлер өз өнімдерін ірі сауда орталықтары талап ететін тиісті сертификаттардың болмағандығынан шығара алмай отырғандығын сөз етті. Сонымен қатар балабақша мен мектептердегі тамақтану жайын да назардан тыс қалмады. Сондай-ақ іскер әйелдер өз тәжірибелерімен де бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін айтты. Кәсіпкерлер шетелдік өнімдерге қарағанда отандық өнімді сауда орталықтарында кедергісіз шығаруға жол ашылса деген тілектерін қоса жеткізді. Сонымен қатар балабақшалар мен мектептердегі тамақтану жүйесін ұлттық тағамдармен толықтыру, жылқы мен қой етін ас мәзіріне қосу сынды ұсыныстар да айтылды. Жиын қорытындысында өңірдің кәсіпкер әйелдері "Бірінші кезекте отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсетілсе" деген ұсыныс білдірді. Жиын барысында қойылған сұрақтар мен ұсыныстарға Нұргіл Тау заң аясында жауап берді.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар