дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 18:24

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Облыс әкімі жаңа мектепте онлайн-сабақ өткізді

Облыс әкімі жаңа мектепте онлайн-сабақ өткізді
ашық дереккөзі
Облыс әкімі жаңа мектепте онлайн-сабақ өткізді

Білім күні Жамбыл облысы, Түрксіб ауылында №6 мектеп-гимназиясы өз есігін айқара ашты. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа оқу ордасындағы алғашқы шараға қатысты.

         Карантиндік шектеулерге байланысты іс-шараға тек бірінші сынып оқушылары мен мектеп бітіруші түлектер ғана қатысты.

         Аймақ басшысы мұғалімдерді, оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

- Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап жастардың сапалы білімі мен саналы тәрбиесіне үлкен көңіл бөлінуде. Жыл сайын білім күні қарсаңында жаңа мектептер ашылуда. Білім сапасын, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға айрықша назар аударылуда. Жаңа заманауи мектептерде балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Еліміздің ертеңі үшін өздеріңізге артылатын жауапкершілік салмағын сезініп, сіздердің білімді және бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасуларыңыз аса маңызды, - деді Бердібек Сапарбаев мектеп оқушыларына.

 width=

Ата-аналар мен мұғалімдер жаңа технологиямен жабдықталған мектепке көңілі толып, ризашылықтарын жеткізді. Білім ордасы заманауи робототехника кабинетімен, лингафон және мультимедия бөлмелері, кең акт және спорт залдарымен, кітапхана, асхана, тігін және ағаш шеберханаларымен қамтылған. Мектеп екі ауысымда 600 оқушыны оқытуға арналған.

         Балалардың қауіпсіздігі үшін 20 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Түрксіб ауылында бұдан бөлек мыңнан астам оқушы білім алатын А.Макаренко атындағы тағы бір мектеп бар десек,  бұл оқу ордасында бұған дейін орын тапшылығы байқалған-ды. Енді жаңа N6 мектеп-гимназиясының ашылуымен ол мәселе өз шешімін тауып отыр.

- Мен қызым Айзерені бірінші сыныпқа жаңа мектепке алып келдім. Ол өз мектебіне дән риза. Оған әсіресе кітапхана қатты ұнады, ол онда бос уақытын тиімті өткізетін болады. Ұлым Айқын мен қызым Айбике А.Макаренко атындағы мектепте оқиды. Онда  да балаларға жақсы жағдай жасалған, - дейді Түрксіб ауылының тұрғыны Гүлназ Үшкемпірова.

 width=

 Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа мектепте жоғары сынып оқушыларына арнап алғашқы сабақты өткізді. Оған онлайн-режимде Жамбыл ауданының тағы да бірнеше мектебі қосылып отырды. Бердібек Сапарбаев сабақ барысында қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы жас ұрпақтың рөлін, балаларды ұлттық дәстүр негізінде тәрбиелеудің маңыздылығын талқылады.

- Достық пен өзара түсіністік – біздің басты байлығымыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз осы жылдар ішінде бар жиғанымыз бен жеткен жетістіктерімізді сақтай аламыз. Бұл орайда жас ұрпаққа үлкен жауапкершілік жүктелген.

         Бірлік – тұрақтылықтың негізі. Бейбітшілік пен келісім салтанат құрған мемлекет қана дамиды.

Қазақ халқы қашаннан өзінің достық және бауырмашылдық қасиеттерімен ерекшеленеді. Көптеген жылдар бұрын Қазақстанға күштеп жер аударылған халықтар бізге қонақжайлылығымыз үшін алғыстарын жаудыруда. Жастар баршамыздың ортақ үйіміздегі тыныштықты бұзуға ешкімнің құқығы жоқ екенін түсінуі керек, - деді аймақ басшысы.

 width=

Ол үшін балалардың бойында ерте жастан Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, ата-бабамыздың бай тарихы мен мәдени мұрасы туралы үнемі әңгімелеп отыру керек.

- Сіздердің барлық күш-жігерлеріңіз сапалы білім алуға бағытталуы тиіс. Спортпен шұғылданып, көркем әдебиет оқып бос уақытты тиімді өткізу керек. Ой-өрістеріңізді кеңейте отырып, өздеріңізге жаңа мүмкіндіктер ашасыздар. Болашақты қазірден ойлап, кейін өкінбеу үшін қателікке бой алдырмаңыздар, - деді Бердібек Сапарбаев.

Сабақ барысында оқушылар облыс әкіміне қашықтықтан оқытудағы түрлі мәселелерге қатысты  сауалдар жолдап, пікірін тыңдады.

Бердібек Сапарбаев өз сөзінде 23 мыңнан астам жамбылдық оқушы оқуларын дәстүрлі форматта жалғастыратын атап өтті. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру аясында мектептерді күндізгі оқытуға қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде.

- Оқушылар мұғалімдермен бетпе-бет кездесе отырып, сыныптастарымен қатар, сабақты бірге оқығаны дұрыс. Біз барлық мектептерді дәстүрлі негізде оқытуға тезірек көшіруге тырысамыз. Бірақ ол өзімізге байланысты. Егер барлық тұрғындар санитарлық нормаларды тиісінше сақтай білсе, онда қауіпті вирустан құтылып, қалыпты тіршілігімізге оралар едік, - деді облыс әкімі.

 width=

         Балалар әкімнен қазір қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін сұрады.

- Бүгінде өңірде  құрылысшылар, IT және ауылшаруашылығы мамандары жетіспейді. Бізге ара, балық шаруашылығын және жеміс-жидек кластерін дамытатын мамандар қажет, - деп жауап берді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар, дәрігерлер де тапшы. Бұл мәселені шешу үшін облыста С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалын ашу жоспарлануда.

Айта кетейік, осы секілді онлайн сабақтар аудан әкімдері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен облыстың барлық мектептерінде өткізілді.

Бүгінгі таңда облыста 21 білім беру нысаны салынуда, оның 14-ін ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Осылайша, апатты жағдайдағы үш мектептің, үш ауысымда оқитын бір мектептің және орын тапшылығы бар екі мектептің мәселесі шешілмек.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар