Әлеумет
Сапарбаев: Сапалы білім – сауаттылық қана емес, сонымен қатар жақсы тәрбие
- авторjambylinfo.kz
- 29 тамыз, 2020
- 345
Сапарбаев: Сапалы білім – сауаттылық қана емес, сонымен қатар жақсы тәрбие
Тараз қаласында «Білім саласындағы: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» тақырыбында онлайн режимде дәстүрлі тамыз педагогикалық конференциясы өтті. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, мектеп директорлары мен мұғалімдері, колледждер мен жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
Аймақ басшысы облыста білім саласын дамыту жолында атқарылып жатқан жұмыстар, үш ауысымды, апатты және орын тапшылығы бар мектептер мәселесінің қалай шешіліп жатқандығы туралы қысқаша айтып өтті. Бердібек Сапарбаев білім беру мекемелерінің құрылысы мен жөндеу жұмыстарын бақылау, қашықтықтан оқитын мектеп оқушыларын компьютермен және интернетпен қамтамасыз ету қажеттігін тағы да атап өтті.
«Егер білім беру мекемесіндегі оқушылар саны 200-ден аспаса, онда оқу процесі дәстүрлі форматта да жүруі мүмкін», - деді облыс әкімі.
Өз кезегінде облыстық білім басқарамасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелерін тілге тиек етіп, сонымен қатар бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды.
Айталық, басқарма басшысы ағымдағы жылы облыстағы ҰБТ қорытындысының орташа көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 20,2 баллға төмендегенін, ол барлық параметрлерге кері әсер еткенін жеткізді.
- 100 баллдан жоғары алған ҰБТ-ға қатысушылардың саны 24,9 пайыздан 12,1 пайызға дейін төмендеді. Егер өткен жылы ҰБТ-ға қатысқан түлектердің 12 пайызы шекті деңгейден өте алмаса, биыл бұл көрсеткіш 24,8 пайызды құраған. Әсіресе, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов ауданындағы түлектері төмен нәтиже көрсеткен. 21 оқу ордасында ҰБТ-ның орташа балы 50 балдан аспаған. Бұл мектеп басшылары мен пән мұғалімдерінің өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарамауынан, түлектердің оқуға деген ынтасының төмендігінен орын алған. 382 «Алтын белгі» иегерінің ішінен 171 түлек қана өз білімін дәлелдеп, ҰБТ-да 100-ден жоғары балл жинай алды, - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, облыстың 37 мектебі инновациялық, ал 59 мектеп өзін-өзі дамыту режимінде жұмыс істейтіндігі, олардың басым бөлігі Талас және Сарысу аудандарына тиесілі екендігі айтылды. Ал, Мойынқұм мен Т.Рысқұлов аудандарының білім бөлімдері мектеп қызметін сыртқы бағалау тетігін қайта қарастыру қажет, өйткені бұл аудандарда мұндай режимде жұмыс істейтін бірде-бір мектеп жоқ. Бұл туралы басқарма басшысы айрықша айтып өтті.
«Білім беру саласында кәсіби тоқырау, шығармашылық бастамалардың жойылуына жол берілмеуі керек», - деп қорытындылады Г.Ходжабергенова.
- Өкінішке қарай, кейбір мектептер әлі де жаңа оқу жылына толық дайын емес. Бұл дұрыс жоспарламау, бақылау және дайындық шараларының әлсіздігінен орын алып отыр. Бірқатар мектептер дәстүрлі режимде жұмыс істей алады. Алайда, кейбір директорлар бастарын қатырып, мәселелерді шешуге құлықсыз. Оларға барлығын карантинге жауып, балаларды қашықтықтан оқытуға жіберу әлдеқайда оңайырақ. Бұл дұрыс емес! Әсіресе 1 қыркүйекті асыға күтетін бірінші сынып оқушыларын қалыпты режимде оқыту мүмкіндіктерін қарастырған дұрыс. Біздің барлық балалар сапалы білім алуға құқылы. Бұған кедергі келтіріп, өздеріне жүктелген міндеттерді тиісінше орындай алмайтындар жазаланатын болады,- деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев көптеген мектеп директорлары өздерін білім беру мекемелерінің қожайынымын деп санайтындығын, олар ҰБТ нәтижелері , оқушылардың білім сапасы мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесі үшін бас қатырғылары келмейтіндігін қатаң сынға алды.
- Білім беру мекемелері басшыларының жұмысын талдау – білім басқармасы мен жергілікті деңгейдегі білім бөлімдерінің басты міндеті. Бұл мәселе қала мен аудан басшыларының бақылауында болуы тиіс. Өкінішке орай, қазіргі таңда мұнымен ешкім айналысқысы келмейді. Егер мектеп директоры жылдар бойы отырып, жемісті жұмыс істей алмаса, қызметінің нәтижелері көрінбесе, оны ауыстыру керек, - деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі білім басқармасы басшысынан жоғары оқу орындарымен қаншалықты байланыс орнатылғанын сұрады.
- Сіздер үздік мектеп бітірушілердің тағдырына алаңдайсыз ба? Мектеп аттестаттарындағы бағалар олардың жоғары оқу орындарындағы білім деңгейіне сәйкес келе ме? Өңірде педагогикалық кадрлардың тапшылығы байқалады. Сіз қай аудандарда, қандай пән мұғалімдері жетіспейтінін білесіз бе? Неге педагогикалық жоғары оқу орындарының 3-4 курс студенттерін туған ауылдарына практикаға жібермеске. Оларға алғашқы кәсіби тәжірибелерін өз мектептерінен жинауға мүмкіндік туса, ал біз осы арқылы кадр тапшылығы мәселесін шешетін боламыз. Бұл жұмыстарды үйлестіру білім басқармасының міндеті, - деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, өңір басшысы жас ұрпақты тәрбиесіне айрықша назар аударып, жақсы білім дегеніміз – сауаттылық қана емес, сонымен бірге оқушылардың рухани жетілуі, әдептілігі, үлгілі мінез-құлқы екендігін де атап өтті. Өкінішке орай, соңғы уақыттары облысымызда жасөспірімдер мен жастар арасындағы төбелес, кәмелетке толмағандардың құқықбұзушылықтары секілді бірнеше оқиға орын алды.
- Сондықтан мектеп оқушыларын тәрбиелеу жұмыстарына ата-аналар, ата-әжелер, мектеп инспекторлары мен психологтары, ата-аналар комитетінің мүшелері бірлесіп атсалысу керек. Ата-аналар бәрін мұғалімге жүктей салмау керек. Оқу-тәрбие үдерісіне ұлттық дәстүрлерді сабақтастыру маңызды десек, оған ең алдымен оқушының отбасы барынша бейіл болуы тиіс, - деп санайды Бердібек Сапарбаев.
Білім саласының ардагері Нұркен Қасымов, қалалық ата-аналар комитетінің төрағасы Ғалия Рысбаева, жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Қуанышбек Қалжанов өз сөздерінде облыс әкімінің ұсыныс-пікірлеріне қолдау танытты.
Басқосуға онлайн режимінде қатысқан облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов жалпы білім беретін оқу орындарында мектеп инспекторларының жетіспейтіндігіне, ал мектеп директорлары өз мектебінің рейтингісін төмендетуден қорқып, бұзақы оқушылар туралы үнемі нақты ақпарат бере бермейтінін ашып айтты. Ал, жазасыз қалған бұзақы оқушылар өздерінің ондай әрекеттерін жалғастырудан тайынбайды.
Конференцияны қорытындылай келе, аймақ басшысы тиісті органдарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
- Егер білім беру мекемесі соңғы бес жылда ешқандай нәтижеге жете алмаса, оның директоры жазалануы тиіс. Келесі жылды жасөспірімдер мен жастар тәрбиесіне арнауды ұсынамын. Tulek.kz веб-сайтының жұмысын күшейтіп, барлық мүдделі құрылымдардың бірлескен жұмысын жолға қою маңызды. «Балабақша - мектеп - колледж - университет - ата-аналар - жергілікті биліктің» өзара бірлескен іс-әрекетін күшейту қажет. Сонда ғана нәтиже болады. 1 қыркүйек - Білім күні барлық білім беру ұйымдарында достық, отаншылдық, тәрбиеге арналған сынып сағаттары өтуі керек, - деп сөзін аяқтады Бердібек Сапарбаев.
Конференция соңында үздік педагогтар марапаттарға ие болды. Білім беру жүйесін жетілдіруге қосқан зор үлесі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Жамбыл ауданының В.Чкалов атындағы орта мектебі мен Тараз қаласының N23 орта мектебінің химия-биология пәнінің мұғалімдері Бағила Оңғарбаева мен Гүлнәр Бегалиева мараппатталды.
Байзақ ауданының Ғ.Мұратбаев атындағы гимназиясы "2020 жылдың Үздік орта білім беру ұйымы" номинациясы бойынша 34 миллион теңгелік грант иегері атанды. "Үздік инновациялық мектеп" номинациясын Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы жеңіп алды. Төле би атындағы №8 гимназиясы – үздік қала мектебі, Жамбыл ауданы А.Макаренко атындағы орта мектеп – үздік ауыл мектебі болып танылды. Ал, Жуалы ауданы Ақтөбе атындағы №25 тірек мектебі (ресурстық орталық) үздік шағынжинақталған мектеп деп атанды. Сондай-ақ, "Үздік колледж" номинациясын Жамбыл жоғары м
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Әлеумет
Журналист, қаламгер Құралай Сейсенбекқызы студенттермен кездесті
- авторjambylinfo.kz
- 5 қараша, 2024