Аймағамбетов доцент пен ғалымдардың жалақысына қанша теңге үстемақы қосылатынын айтты
- авторНұргүл Әубәкірова
- 28 ақпан, 2024
- 748
Қазақстандық ғалымдарға ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша үстемеақы төленіп, бір жылға дейін мерзімге шығармашылық демалыс беріледі. Тиісті заңды парламент мәжілісі қабылдады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылады. Заң жобасын парламент депутаттары әзірлеген. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, заңда ғалымдар үшін жаңа үстемеақы енгізу туралы норма бар.
«Қазіргі уақытта ғылыми зерттеу инcтитуттарында немесе университеттерде істейтін ғалымдарымыз өздерінің доктор PhD, ғылым докторы, ғылым кандидаты сияқты ғылыми дәрежелері үшін ай сайын жалақысына қосымша үстемеақы алады. Енді оларға профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша ақы беру ұсынылып отыр», деді Аймағамбетов төменгі палатаның жалпы отырысында.
Мысалы PhD докторы, ғылым кандидаты қазір ай сайынғы жалақысына ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңге үстемақы алса, заң қабылданғаннан кейін қосымша доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың үстемақы, яғни айлығына қосымша ай сайын жалпы 92 мың теңге үстемеақы алып отырады.
Ал егер ол ғылым докторы болса және қазіргі уақытта ол 125 мың теңге үстемеақы алса, енді қосымша профессор атағы үшін тағы да 60 мың теңге, сонда жалпы алғанда жалақысының үстіне 185 мың теңге қосымша ақы алады. Депутаттар мұны өте жақсы қолдау деп санайды.
«Сонымен қатар, тағы да бір қолдау тетігін ұсынып отырмыз. Ол халықаралық тәжірибеде кеңнен таралған саббатикал институты. Яғни жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың жетекші ғалымдары үшін шығармашылық демалыс беру ұсынылады. Бұл шығармашылық демалыстың мерзімі бір жылға дейін және осы кезеңде жетекші ғалым орташа жалақы деңгейіндегі төлемдерді алып отыруына да мүмкіндік беріледі», деп түсіндірді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, шығармашылық демалыс ғалымдарға ғылыми, ғылыми-педагогикалық жұмыстарымен айналысуға, монография немесе ғылыми мақалаларын шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заң жобасында әкімдіктерге ғылымды қаржыландыру құқығын беру нормасы көзделген. Яғни жергілікті атқарушы органдардың ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы құзыреттері кеңейтіледі.
«Мұндай шешім өңірлерде ғылыми әлеуетті неғұрлым тиімді пайдалануға ықпал ете отырып, ғылымның дамуындағы өңірлік ерекшеліктер мен қажеттіліктерді барынша ескеруге мүмкіндік береді. Сәйкесінше әкімдіктер өңірлердегі проблемаларды шешуде ғылыми зерттеулерді пайдалануға мүмкіндік алады», деді халық қалаулысы.
Бұдан бөлек заң жобасына "ғылыми этика" ұғымы енгізіліп отыр.
«Бұл норма ғылыми зерттеулердің сапасы мен жауапкершілігін арттыруға, академиялық адалдық қағадаттарын сақтауға бағытталады. Сонымен қатар, Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми этиканың үлгілік қағидаларын әзірлеу туралы құзыреттігін де қарастырдық», деп мәлімдеді Аймағамбетов.