Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін телефондағы тариф бағасы арзандауы мүмкін
- авторНұргүл Әубәкірова
- 28 ақпан, 2024
- 545
Парламент мәжілісі мүгедектігі бар жандар үшін жеңілдетілген ұялы байланыс тарифтерін енгізу нормасы көзделген заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда қарады.
Заң жобасына сәйкес, ұялы байланыс операторлары мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңілдетілген тариф ұсынуға міндеттеледі. Норманы әзірлеу барысында мемлекеттің әлеуметтік тарифтерге және мүгедектігі бар адамдардың ақпараттық ресурстарға қол жеткізу құқығына ықпал етуінің халықаралық тәжірибесі ескерілген. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева әлеуметтік тарифтің қандай болатынын әр оператор өзі шешетінін атап өтті.
«Бұл байланыс операторының мүмкіндіктеріне және оның нарықтағы басқа ойыншылармен уағдаластығына байланысты болады. Қазір бұл ерікті түрде жүзеге асырылады, операторлардың барлығында бірдей мұндай тариф жоқ», деді ол.
Әлеуметтік тарифтің құны заңмен реттелмейді. Бұдан бөлек, заң жобасы бойынша геостационарлық емес спутниктер шалғай ауылдарды интернетпен қамтамасыз етеді. 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін пилоттық жоба аясында геостационарлық емес жерсеріктерді (StarLink, OneWeb) пайдалана отырып, байланыс технологияларын енгізуге арнайы реттеу қарастырылады. Пилоттық жобаның құқықтық және техникалық режимдерін байланыс саласындағы уәкілетті орган мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті айқындайды. Бұл шалғай елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мәжіліс депутаттары заңды екінші оқылымда қабылдап, сенатқа жолдады.