жұма, 16 мамыр, 2025 1:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Батырхан Құдайбергенов: Шәкірттерім мен жетпеген жетістіктерге жетсе деймін

Батырхан Құдайбергенов: Шәкірттерім мен жетпеген жетістіктерге жетсе деймін
Фото: Jambylinfo.kz
Ұстаз болу қай уақытта да мәртебелі, жауапты әрі қиын қызмет. Бірақ нағыз ұстаз үшін бұл тек еңбек, ізденіс және шәкірттеріне деген шексіз махаббаттың жолы. Батырхан Әбдікәрімұлы осы жолды таңдаған және өзінің ұстаздық қызметінде көп жетістіктерге жеткен тұлға. Ол 2018 жылдан бері Тараз қаласында орналасқан дарынды ұлдарға арналған «Білім-инновация» лицейінің тарих пәнінің мұғалімі ретінде қызмет атқарып келеді.

Батырхан Әбдікәрімұлы тек білім берумен шектеліп қана қоймай, шәкірттеріне болашақта дұрыс жол таңдап, өздерін дамытуға бағыт-бағдар беруге де ерекше көңіл бөледі. Ол бірнеше жыл бойы шәкірттерін республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға дайындап, олардың жоғары нәтижелерге жетуіне ықпал етті. Біз Батырхан Әбдікәрімұлымен сұхбаттасып қайқан едік.

– Батырхан Әбдікәрімұлы, ең алдымен өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

– Мен Өзбекстанның Қарақалпақстан аймағында дүниеге келдім. Алғашқы білімімді Жамбыл атындағы мектепте алдым. 2007 жылы отбасымызбен бірге Қазақстанға көшіп келдік. Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы университетте жоғары білім алып, мамандығым бойынша терең білім жинақтадым. Бұл білімім маған ұстаздық жолда табысты болуға негіз қалап берді.

Мектеп кезінде өзіңіз әділетсіздікке тап болған екенсіз. Сол оқиғаңыз туралы толығырақ айтып берсеңіз.

— Өзбекстан Республикасында мектепте оқып жүрген кезімде мені облыстық байқауларға жиі алып баратын. Дайындық жақсы жүретін, біліміме сенімді болатынмын. Бірақ сол жарыстарда біліп тұрсам да, әділ бағаланбай, орын бермейтін. Ауылдан келгенім үшін шеттетіп, менсінбей қарайтын сәттер жиі кездесетін. Сол кезде әділетсіздікпен алғаш бетпе-бет келдім. Бұл жағдай менің жанымды ауыртты, бірақ дәл сол сәттер мені шыңдады. Жүрегімде: «Болашақта ұстаз болып, ауылдан шыққан дарынды балаларды қолдап, оларды биік белестерге көтеремін» деген арман туды. Сол арман – менің ұстаздық жолымның бастауына айналды.

Сол сәттен бастап қандай мақсат қойдыңыз? Бұл сіздің ұстаздық жолыңызға қалай әсер етті?

Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, еңбек жолымды «Достық» білім беру орталығында бастадым. Ол кезде өзімді көбіне ҰБТ-ға дайындайтын маман ретінде елестететінмін, курстар ашып, оқушылармен жұмыс істеуді жоспарлап жүрдім. Уақыт өте келе түрлі ұсыныстар түсе бастады. Солардың бірі — «Білім-инновация» лицейіне тарих пәнінің мұғалімі қажет деген хабарлама болды. Бұл ұсыныс менің назарымды бірден аударды. Өзімді сынап көру мақсатында конкурсқа қатысып, нәтижесінде осы лицейге жұмысқа қабылдандым. Содан бері осы жерде қызмет атқарып келемін.
Осы лицейге келген соң оның негізгі бағыты — оқушыларды Олимпиадаларға дайындау екенін түсіндім. Бұл маған бала кезден іште жүрген арманымды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Сонымен бірге менің ұстаздық жолды таңдауыма мектепте сабақ берген ұстазым — Өтеген ағайдың да үлкен ықпалы болды. Ол кісінің білімге деген сүйіспеншілігіне, шәкірттерге деген жанашырлығына қарап өстім және сол кісідей ұстаз болуды армандадым. 
Бүгінде мен оқушыларыма тек білім берумен шектелмей, ең алдымен адал болуды, әділеттіліктен айнымауды және адамдық қасиетті әрдайым бірінші орынға қоюды үйретіп келемін.

Неліктен үлкен қалалардағы жақсы ұсыныстардан бас тартып, Тараз қаласындағы лицейді таңдадыңыз?
— Иә, еліміздің бірқатар ірі қалаларындағы беделді оқу орындарынан жақсы ұсыныстар болды. Жалақысы да жоғары еді. «Білім-инновация» лицейіндегі оқушылардың ғылымға деген ынтасы мені ерекше қызықтырады. Олар түрлі олимпиадаларға қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Бала кезімнен арманым – шәкірт тәрбиелеу, олардың білімін шыңдап, үлкен белестерге жеткен сәттеріне куә болу еді. Сол арманым дәл осы жерде орындалып жатыр.

— Бүгінде шәкірттеріңіздің жетістіктері туралы айтып өтсеңіз. Қандай табыстарға жеттіңіздер?

— 2018 жылы «Білім-инновация» лицейіне жұмысқа келген кезде, лицейдің негізгі бағыты жаратылыстану пәндері болғандықтан, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерден олимпиадаларға қатысатын оқушылар өте аз еді. Сондықтан тарих пәніне қызығушылықты ояту мен үшін басты міндеттердің біріне айналды.

Алдымен лицейішілік «Қазақстан білім» олимпиадасына қатысудан бастадық. Алғашқы шәкірттерім сол жарыстарда күміс және қола медаль жеңіп алды. Одан кейін бұл балаларды облыстық олимпиадаларға дайындай бастадым. Әрине, бастапқыда жетістікке жету оңай болмады, бірақ уақыт өте келе еңбегіміз өз нәтижесін бере бастады.

2021–2022 оқу жылында шәкіртім Тұрбек Алижан облыстық олимпиадада бірінші орын алып, республикалық кезеңде алтын медаль жеңіп алды. Бұл біз үшін үлкен серпіліс болды. Кейіннен тағы бірнеше шәкірттерім күміс және қола медальдарға ие болды.

2023 жылы Бакуде өткен түркі халықтарының халықаралық олимпиадасында біздің команда алтын және қола медальмен елге оралды. Ал биыл, 2025 жылы Қызылордада өткен республикалық олимпиадада үш бірдей оқушым алтын медаль жеңіп алды. Осы жетістіктер бізге тарих пәнінен олимпиада бағытында жүйелі түрде әрі тұрақты жұмыс істеудің мүмкін екенін көрсетті.

— Бір шәкіртіңіз Парижде өтетін халықаралық олимпиадаға барады екен. Ол туралы толығырақ айтып бересіз бе?

— Иә, биыл шілде айында Париж қаласында тарих пәнінен халықаралық олимпиада өтеді. Сол додада менің шәкіртім Қанат Нұрқанат Қазақстан құрамасының атынан өнер көрсететін болады. Бұл — біз үшін үлкен мәртебе әрі зор мүмкіндік. Себебі елімізде, әсіресе Қазақстан тарихынан олимпиадалар көбіне республикалық деңгейде ғана өткізіледі. Ал халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадалар саны өте аз. Оның үстіне, көбі ғылыми жобаларға арналған және көп қаражатты талап етеді.

Біздің оқушылар негізінен ауылдан шыққан қарапайым балалар. Мойынқұм, Меркі, Лугавой сияқты шалғай өңірлерден келген оқушылар. Сол себепті мұндай мүмкіндік — олар үшін де, біз үшін де ерекше маңызды.

Енді, егер Қанат Нұрқанат Париждегі халықаралық олимпиадада жүлдеге ие болса, ол «Болашақ» бағдарламасы арқылы кез келген шетелдік университетке тегін оқуға түсуге мүмкіндік алады. Бұл — оның ғана емес, бүкіл еңбегіміздің жемісі деп білемін.
— Сіздің ойыңызша, мұғалімнің ең басты міндеті қандай?

— Мұғалім — тек пән үйретуші ғана емес, ең алдымен тұлға тәрбиелеуші. Педагогика — бұл тек білім беру үдерісі емес, адам қалыптастырудың жауапты жолы. Бұл үшін ұстазда үлкен төзім, мамандығына деген махаббат және мықты жауапкершілік болуы қажет. Себебі мұғалім — робот жинайтын маман емес, ол — адамды тәрбиелейтін тұлға.

Әр оқушы — жеке әлем. Бірінің мінезі қатты, екіншісі жұмсақ, біреуі белсенді, біреуі ұяң. Ұстаз сол әртүрлі балаға ортақ емес, жеке жол таба білуі керек. Мен үшін мұғалімнің басты қаруы — тұрақтылық, еңбекқорлық және терең білім. Егер ұстаз шын білім бермесе, баланың сеніміне ие бола алмайды. Ал сенімсіз жерде тәрбие де, нәтиже де болмайды.

Болашақтағы жоспарларыңыз қандай?

— Қорытындылай келе, қазір бірнеше оқушым дәл осы мұғалімдік жолды таңдады. Олар жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Болашақта өздері де биік шыңдарды бағындырып, мен сияқты шәкірт тәрбиелесе екен деймін. Оларға толық сенемін.
Әр шәкіртімнің табысы — мен үшін үлкен мақтаныш.
Ал өзім болса, олимпиадалық бағыттағы жұмысты әрі қарай дамытып, ұстаздық жолдан ешқашан бас тартпақ емеспін. Білім беру ісінде талмай еңбек ете беремін. Өйткені менің басты мақсатым — тек білімді ғана емес, үлкен арманы бар, елінің болашағына қызмет ететін нағыз азаматтарды тәрбиелеу.
- Сұхбатыңызға  рахмет!

 

Бөлісу:
Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар