Ұлттық бірыңғай тестілеуге 90 мыңға жуық талапкер қатысты
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 15:35
- 63
2026 жылғы қаңтар айында өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) шамамен 90 мың талапкер өтті. Тест тапсырушылардың 72%-ы қазақ тілінде, 28%-ы орыс тілінде, ал 71 адам ағылшын тілінде сынақ тапсырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Екі аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 65%-ы шекті балл жинаған. Орташа балл бес пән бойынша 61 балды құрады. Ең жоғары көрсеткіш – 138 балл.
Арнайы білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін қолайлы жағдайлар жасалған, нәтижесінде ҰБТ-ға 260 адам қатысты.
Тест тапсырмаларының мазмұнына қатысты апелляция беру құқығы тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бар. Техникалық мәселелер туындаған жағдайда апелляция тестілеу кезінде қабылданады. Апелляция қаралған соң нәтижелері бар сертификаттар жеке кабинеттерде қолжетімді болады.
ҰБТ өткізу барысында екі апта ішінде 173 ереже бұзушылық тіркелді. 108 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 65 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына тест тапсыру фактілері анықталған жоқ.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды қолдану немесе ережелерді бұзу анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.
Айта кетейік, тестілеуге қатысуға 187 мыңға жуық өтініш түсті.





