дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 8:10

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда папилломаға қарсы екпе салынып жатыр

Жамбылда папилломаға қарсы екпе салынып жатыр
фото - ашық дереккөзден
Өткен айдан бастап Қазақстанда жатыр мойны обырының негізгі қоздырушы факторы адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы қыздарды жалпыұлттық вакцинациялау басталды

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 17 қыркүйектегі қаулысына сәйкес 11 жастағы қыздар жоспарлы түрде екпе алады. Бүгінгі таңда Жамбыл  облыс аумағында қатерлі ісік қаупі жоғары адам папиллома вирусына қарсы екпе егу науқаны белсенді жүріп жатыр. Бұл вирус жатыр мойны обыры дамуының негізгі этиологиялық факторына жатады, хабарлайды Jambylinfo.kz

Сондай-ақ 12-13 жас аралығындағы қыздарға иммундау жасалады. Бұл маңызды іс-шара елімізде қауіпті инфекцияның таралуын және онкологиялық аурулардың пайда болу қаупін азайтуға бағытталған. Иммундау аясында жамбылдық мектептерде жоғарыда аталған жастағы оқушы қыз балалар егілуде. Екпе жұмысы ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін мектептердің медициналық кабинеттерінде жүргізіледі.

Мамандардың айтуынша, жатыр мойны обырының асқынуы аталған вирустың салдарынан орын алады.

Жуырда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында аталған вирус туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп өтті. Маманның мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда жатыр мойны обыры көптеген дамушы елдерде, соның ішінде Қазақстандағы әйелдерде жиі кездесетін қатерлі ісіктердің бірі саналады. Назар аударатын жайт, жатыр мойны обыры – бұл егу арқылы алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық ауру. Сондықтан, онкологтар адам папиллома вирусына қарсы вакцина алуды ұсынады. Жаппай вакцинацияның негізгі контингенті – 9-13 жас аралығындағы жасөспірім қыздар. Бұл жас қыздарға репродуктивті кезең басталғанға дейін, қызға осы қауіпті вирусты жұқтырмас бұрын, оның ішінде жеке гигиена заттары және тұрмыстық байланыс арқылы жаппай вакцинациялау мақсатында таңдалған. Жүргізілген зерттеулер әйелдерге салынатын вакцинаның қорғау мерзімі ұзақ екенін көрсетті. Нақтыласақ, вакцинаны енгізгеннен кейін 10 жыл немесе одан да көп уақыт ішінде вакциналардың иммуногенділігі төмендемегені дәлелденді.

– Қазақстанға, соның ішінде Жамбыл облысына адам папилломавирусына қарсы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қауіпсіз және тиімді вакцина ретінде мақұлдаған, АҚШ-та өндірілген Гардасил вакцинасы жеткізілді. Вакцинаны бүкіл әлем бойынша мыңдаған ғалым зерттеп, зерттеу деректерінің нәтижесінде елеулі жанама әсерлер табылмаған. Вакцина енгізілген жерде қызару, бас айналу және жүрек айнуы сынды жанама әсерлер ғана байқалған. Айта кету керек, әр әйел үшін жатыр мойны обырын жыл сайын және жүйелі түрде тексеріп отыру өте маңызды. Бұл жатыр мойны обырының ауруын ерте анықтауға әсер етуі мүмкін.

Елімізде скринингтің табысты бағдарламалары жатыр мойны обырына шалдығу мен өлім-жітім көрсеткішін екі есе төмендетуге мүмкіндік берді. Қазақстан Республикасында жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған Ұлттық скринингтік бағдарлама жүргізілуде. Бағдарлама аясында 30-70 жас аралығындағы әрбір әйел емханада жатыр мойны обырына тегін тексеріле алады. Өкінішке қарай, жатыр мойны обыры жасарып келеді. Сондықтан бұл ауруды ерте алдын алу өте маңызды. Бұған бірден бір көмек – ең алдымен адам папилломавирусына қарсы вакцинациядан өтуі тиіс.

Жамбыл облысында 11 жаст ағы қыздардың адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялануы басталып кетті. Вакцинацияны ата-аналардың жазбаша келісімімен, вакцина туралы ақпаратты, оның ықтимал қысқа мерзімді жанама әсерлерін 2024 жылдың қазан айынан бастап мектептердің медициналық пункттерінде немесе тіркелген жері бойынша медициналық мекеменің егу пункттерінде тегін таныса отырып алуға болады.

Облыс бойынша және Тараз қаласында мектептер мен медициналық мекемелер, 485 егу пункті мен 10 аудандағы емханалар, дәрігерлік амбулаториялар, медициналық пункттер вакцинацияға қажет жағдаймен толық қамтамасыз етілді. Облыстық вакциналарды сақтау қоймасына адам папиллома вирусына қарсы 11471 бір дозалы вакцина жеткізілді. Облыс бойынша 120-дан астам семинар тренингтерде 2 мыңнан астам мектептер мен медициналық орталықтардың медицина қызметкерлері адам папилломавирусына қарсы егу жүргізуге сынақтан өтті. Адам папилломавирусына қарсы вакцинацияның маңыздылығы мәселелері бойынша түсіндіру іс- шаралары, халықпен, оқытушылармен, ата-аналармен және жасөспірімдермен кездесулер белсенді жүргізілуде, – деп атап өтті Ерік Тіллабекұлы.

Тараздық ата-аналар да мектеп жасындағы балаларына екпе салдырып жатыр. Соның бірі Тараз қаласының тұрғыны Гүлнұр Әлижанова екпенің пайдасын алға тартты.

«Қызымды бүгін вакцинация жасауға әкелдім. Өзім 2009 жылы ақылы түрде өткен едім. Сол уақытта да тура осы гардасил препараты болған. Сосын мен балалы болдым, бедеулікке бұл әкелген жоқ. Бедеулікке немесе қандайда бір ауруларға әкеледі деген теріс пікір, қате көзқарас. Адамдар мұны түсінбегесін, оқып-зерттемегесін осындай көзқараста болады. Ата-аналарға дұрыс түсіндіріп, жұмыстар жүргізсе мүмкін олар осындай қарбалас кезде қарап оқып, қыздарына екпе салдыратын шығар деген ойдамын, – дейді ата-ана.

2016 жылы Гүлнұрға  гинеколог дәрігер осы вакцина туралы айтқан екен. Қазірден жасатпаса, жас келе ракка әкеліп соғуы мүмкін екенін түсіндірген.

«Сол себепті дәрігерімнің сөзіне құлақ асып, осы екпені салдырдым. Ол кезде бұл препарат ақылы болатын.  Өзім жұмыссыз отырған кезім еді. Сонда да бұл екпені алу үшін қаражат тапуып, вакцинаны жасаттым. Бүгінде салдырғаныма еш өкінбеймін. Белгілері де болған жоқ. Яғни, бас ауырып, лоқсып, құсып, температура көтерілу сияқты құбылыстардың біреуі де болған жоқ. Бұл өте жеңіл, өте таза вакцина. Қазір бұл тегін болып жатыр. Ал негізі өте қымбат вакцина. Осындай пайдалы екпелерге мемлекет қаржы бөліп жатыр. Рақмет айтамын, – дейді екпе салдырған оқушының анасы Гүлнұр Ғалымқызы. 

Ал, күні бүгінгі ахуал бойынша, облыста тұмауға және адам папилломавирусына қарсы егу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда АПВ-ға қарсы 66 қыз балаға екпе жасалған. Екпе науқаны жалғасып жатқанын атап өткен жөн. Жергілікті денсаулық сақтау органдары тәуекел тобына жататындардың барлығын вакцинациядан өтіп, бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға шақырады.

 

 

 

 

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар