жексенбі, 6 қазан, 2024 1:07

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мобильдік топтар «мүлгімеуі» тиіс

Мобильдік топтар «мүлгімеуі» тиіс
ашық дереккөзі
Мобильдік топтар «мүлгімеуі» тиіс

Батпандап кірген аурудың мысқылдап шығатынын күллі адамзатқа коронавирустық инфекцияның өзі-ақ дәлелдеп берді. Әзірге дауасы табылмаған дертті асқындырмаудың, кеңінен таралуына тосқауыл болудың бірден-бір жолы сақтық шараларын ұстану екені әмбеге аян. Күз айларындағы тұмаудың қайта өршуімен аталған індеттің де екінші толқыны қауіп төндіріп тұр. Әйтсе де осы бір сындарлы сәтте бейқамдық пен өткен күннің ащы сабағын естен шығарудың белең алуы алаңдатады.

Апта басында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі штаб отырысында дәл осы мәселе күн тәртібіне қойылды. Аталған жиынға құқық қорғау органдарының басшылары, облыс әкімінің орынбасарлары, Тараз қаласы мен аудан әкімдері және медициналық мекекемелердің бас дәрігерлері қатысты. Жиында жасаған баяндамасында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталды. Басқарма басшысының айтуынша, соңғы аптаның өзінде КВИ-ді жұқтырудың 19 дерегі анықталыпты.

– Бүгінде 345 мың 580 жамбылдыққа тұмауға қарсы екпе егілді. Бұл жалпы облыс тұрғындарының 29,8 пайызын құрайды. Қазір өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінде 2530 инфекциялық төсек орын әзірленді. Оның ішінде 253 орын реанимациялық жағдайға дайындалған. Олардың барлығы өкпені қолдан тыныстандыру аппаратымен қамтамасыз етілген. Медициналық ұйымдарда қазір 706 оттегі баллоны, 542 оттегі концентраторы, 1009 пульсоксиметр және өзге де қажетті құрал-жабдықтар бар. Алдағы уақытта жергілікті және республикалық бюджеттің қаржыландыруымен 74 дана өкпені қолдан тыныстандыру аппараты, 7 компьютерлік томография, 4 оттегі стансасы және 74 санитарлық автокөлік сатып алынады. Жеке қорғаныш құралдарының да керекті қоры жасақталған. Дәрі-дәрмектің тұмауға қарсы және ыстықты түсіретін түрлерінің антибиотиктердің де 2-3 айлық қоры бар. Осы айда қажетті препараттардың тағы 1 айға жететін қоры жеткізіледі.

Өңірдегі дертпен күреске 4 мың 410 медициналық қызметкер тартылады. Жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарында қызмет жасайтын 3226 медициналық қызметкер семинарларға қатысып, 619 маман оқытудан өтті. Сондай-ақ, 120 дәрігер мен 300 орта буынды медициналық қызметкер біліктілігін арттырды, – дейді Әсет Әскерұлы.

Ал, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейли Мүлікова өңірдегі коронавирустық инфекцияның таралу деңгейі, мониторингтік және мобильдік топтардың қызметі жайында мәлімдеді.

– Соңғы екі аптада Тараз қаласындағы коронавирустық инфекцияға шалдығу көрсеткіші 5-тен 10-ға, Шу ауданында 5-тен 8-ге өсті. Мониторингтік топтармен 10 қазаннан бері 1210 рейд ұйымдастырылып, 8820 кәсіпкерлік нысанның санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы зерделенген. Олардың 497-сінде тиісті талаптар сақталмағаны анықталды. Ал, мобильдік топтармен 7627 нысан тексеріліп, олардың 468-інде карантин режимі бұзылғаны белгілі болды. Карантин талаптарын көзге ілмеген 120 нысан иесіне айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 12 миллион 860 мың 780 теңге болды, – дейді Н.Мүлікова.

Өз кезегінде облыс әкімі мобильдік топтардың заңбұзушылық анықталған нысандардың небәрі 5 пайызына ғана шара қолданғанын тілге тиек етіп, топ жұмысының әлсіздігін сын тезіне алды. Сәйкесінше, Тараз қаласы мен Сарысу, Мойынқұм, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарының әкімдерінен осы жағдайға қатысты жауап алып, оларға мобильдік топтардың жұмысын қатаң бақылауды тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевқа мобильдік топтармен тексерістерді жиі өткізу, БАҚ арқылы коронавирустық инфекциядан сақтану шаралары бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді назарға алу міндеті жүктелді. Мұнан бөлек, ауруханалар мен емханалардың, дәріханалардың коронавирустық инфекцияның ушығуына дайындығын зерделеуге қоғамдық ұйымдарды тартуды ұйымдастыру жайы да сөз болды.

  Шынболат КҮЗЕКБАЕВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар