Нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев: «Бір түнде 7 ота жасаған кездерім болды…»
- авторМағжан Орынбасар
- 22 мамыр, 2024
- 1.4k
-Мыңжылқы мырза, Таразға қош келдіңіз! Ұлттық Ғылым Академиясы жанында «Жас ғалымдар» кеңесі құрылған болатын. Өзіңіз де бұл кеңестің мүшесі екенсіз. Осы ретте, айтыңызшы, елімізде жас ғалымдарға жасалып жатқан қолдауға көңіліңіз тола ма?
-Жас ғалымдарға нақты қолдау бар деп айта алмаймын. Жасыратыны жоқ, ғылым саласы көп жылдар бойы тасада қалды ғой. Ал жақында ғана құрылған Ұлттық ғылым академиясы ғалымдардың барлық мәселесін шешіп тастады деген қисынға келмейді. Сондықтан, ауыз толтырып ештеңе айта алмаймын. Дегенмен, болашақта бірлесе жұмыс істеп, нақты нәтижеге қол жеткіземіз деп сенемін.
-Білікті нейрохирург ретінде Қазақстанның нейрохирургия саласына қандай баға бересіз?
-Жалпы, көңілім толады деуге болады. Нейрохирург дәрігерлердің жұмыс істеуіне жақсы жағдай жасалған. Орталықтар, ауруханалар замануи медициналық құрал- жабдықтар бар. Соның арқасында қазір адам омыртқасын ауыстыру, ми ісіктерінің гистологиялық банкасын ашу бағыттарында көп жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі операциялардың басты ерекшелігі бас ми жарақатын бас терісін кеспей жасай аламыз. Бұл - үлкен жетістік. Ал енді кейбір мәселелерге тоқталатын болсам, Қазақстанда эпилепсия ауруымен ауыратын адамдардың саны жүз мыңнан асқан. Соның ішінде жыл сайын мыңнан аса науқасқа ота жасап, көмек көрсетуге болар еді. Алайда қаржылық мәселелерге орай, бұл науқастар әлі көмекке қол жеткізе алмай жүр. Өздеріңіз білесіздер осыдан он жыл бұрын балалар педиатриясы жабылып, соның салдарынан балалар ауруы өршіп кетті. Соның ішінде балалар нейрохирургиясы өте өзекті мәселе болып отыр. Медицианлық құрал-жабдықтарда ескі, жұпыны деуге негіз бар. Сонымен қатар, педиатр және балалар нейрохирургтері тапшы.
-Иә, қазір балалар арасындағы аурулар өте көп. Біз қай уақытта сапалы педиатр мамандарды дайындап, қалыптастырып, олардың нәтижелі жұмысын көре аламыз деп ойлайсыз?
-Бұған кемі 15 жыл уақыт керек. Иә, маман даярлау мәселесін бір жолға қойып, ол дәрігерлер білікті маманға айналу үшін кемі 15-20 жыл уақыт кетеді. Бұл орта есеппен 2040 жылға барады деп есептеймін.
- Ал жамбылдық нейрохирургтердің деңгейі қандай деп ойлайсыз?
-Білікті нейрохирург Бақытжан Тұрарбекұлы Жамбыл облысы нейрохирургиясын дамытуда үлкен үлес қосты. Облыста нейрохирургия саласын дамытты, білікті кадрлар дайындап шығарды деуге болады. Қазір осы кісінің командасы жемісті еңбек атқарып жатыр. Сондай-ақ, Таразда Марат Рабандияров деген белгілі нейрохирург жұмыс істеген. Ол кісі балалар ауруханасын басқарды. Міне, осы Марат Рабандияров Жамбыл облысының балалар нейрохирургиясын республикалық деңгейге көтерді. Таразда ересек және балалар нейрохирургиясы жақсы жолға қойылған.
-Сіз пандемия кезінде күллі қазақстандықтарға телеэкран арқылы дәрігер кеңесін бердіңіз. Осы ретте, сізді нейрохирург ретінде ғана емес, дәрігер ретінде қандай аурулар алаңдатады?
-Медицина тілімен айтқанда гиподинамия. Яғни қимыл-қозғалыстың аздығы. Иә, аз қимылдау ауру емес, бірақ ол көптеген ауруларға алып келеді. Артық салмақ, артерияның қысымы сияқты көп аурулар. Жалпы, қазір аурулардың жасаруы жаман әдеттерден туып отыр. Мысалы, темекі шегу, алкоголь ішу, дұрыс тамақтанбау, күйгелектік, күйзеліс... Міне, осылай жалғасып кете береді. Адам салауатты өмір салтын ұстанбай, зиянды әдеттерден тартынбай, ішкі күйі сабырға келмей, сау болуы екіталай. Ал, қазіргі таңда елімізде өршіп тұр жүрек-қан тамырлары аурулары мен онкологиялық аурулар көбеюіне экологияның нашарлауы себеп болып отыр. Қазақстан мединасының алдында осы аталған ауруларды жеңу міндеті тұр. Осылайша, біз азаматтарымыздың орта өмір сүру жасын 90 жасқа ұзарта аламыз.
-Әлеуметтік желіде Қытай медицинасынан дәріс алған қазақ дәрігері «жеміс-жидектер өлімге апарады» деп көпшілікті жеміс-жидек жемеуге шақырған видеосы тарады. Сіз бұған не дейсіз?
- Жеміс-жидек мүлде жеуге болмайды деген қате пікір. Егер сіз бен біз күнделікті тұтынып отырған жеміс-жидектер шетелден келетінін ескерсек, онда әңгіме басқа. Мысалы, Қытайда жеміс-жидектерді көбейту үшін, көлемін ұлғайту үшін дәрімен өсіретіні анық. Ал өз жерімізде дәрі-дәрмексіз өскен жеміс-жидектің денсаулыққа пайдасы көп. Әрине, құрамында табиғи қанты көп жеміс-жидектерді мөлшерімен жеген абзал. Өйткені тәтті жемістерде жеңіл сіңірілетін көмірсулар бар.
- Еңбек тәжірибеңізде неше ота жасадыңыз?
- Бүгінге дейін 7500-ден аса ота жасадым. Жұмысың сүйікті хоббиің болса шаршамайды екенсің.Тіпті бір түнде 7 ота жасаған күндеріміз болды.
-Шаршауыңызды қалай басасыз?
-Иә, жұмыс режимі қиын. Ең бірінші ұйқы мәселесі бар. Кейде ұшақта ұйықтап аламын. Үйге келгенде әйелімнің көжесін ішкеннен күш аламын…Үш баламды иіскеп энергия аламын. Жаңа айттым ғой, жұмысың сүйікті хоббиің болса шаршамайсың, ота үстінде демалып, сергіп алуға болады.
-Әңгімеңізге көп рақмет!