Мамандардың мәлімдеуінше, алдағы наурыз айында коронавирус қайта күшіне енуі мүмкін. Оның үстіне көктемде адам бойын әлсіздік билейтін кезеңде вирустың өршитін әдеті екенін қарапайым адамдар да өз тәжірибесінен жақсы біледі. Бұған қоса әлемді жайлаған қауіпті індеттің мутацияға ұшырауы да халықты алаңдатып тұр. Осы ретте ең маңызды және бәріміз құлақ түріп, ел болып елеңдеп отырған ақпарат – алдағы уақытта басталатын вакциналау мәселесі. Дегенмен, екпенің сапасына немесе оны егу-екпеуге қатысты екіұдай көзқарас қаптаған қоғамда көңілімізді алаңдатқан сұрақ көп. Сол сауалдарды Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Асырқызына қойдық.
– Коронавирусқа қарсы бірінші болып кім вакцина алуы керек?
– КВИ-ге қарсы вакциналау халықтың әртүрлі топтарының эпидемиялық маңыздылығын ескере отырып, кезең-кезеңмен жүргізіледі.
Басымдық бойынша эпидемиялық маңызы бар 8 топ айқындалды: 1) медицина қызметкерлері; 2) педагогтер; 3) учаскелік полицейлер; 4) студенттер; 5) медициналық-әлеуметтік және жабық балалар мекемелерінің персоналы мен контингенті; 6) Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері; 7) Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының контингенті, мемлекеттік қызметкерлер, Қазақстан азаматтары; 8) созылмалы аурулары (қант диабеті, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, жүрек-қан тамыры жүйесі) бар адамдар.
КВИ-ге қарсы вакцина алдын алу мақсатында салынады. Вакциналаудан өтудің негізгі екі себебі – өзіңізді және айналаңыздағы адамдарды қорғау. Вакциналау адамның денсаулығы жақсы кезде ғана жүргізіледі, аурудың белгілері болған уақытта екпе салдыруға болмайды.
– КВИ-ге қарсы екпені балаға салуға бола ма?
– КВИ-ге қарсы вакциналау 18 жастан асқан адамдарға жүргізіледі, қазіргі уақытта балаларға вакцина салынбайды.
– Коронавирусқа қарсы екпені кімге салдыруға болмайды?
– Құрамында ұқсас компоненттері бар вакцинаның қандай да бір компонентіне аса жоғары сезімталдық өмірінде ауыр аллергиялық реакциялармен кездескен жағдайда; жүктілік және бала емізу кезеңі; 18 жасқа дейін және 60 жастан жоғары (тиімділік және қауіпсіздік туралы деректердің болмауына байланысты) адамдарға салынбайды. II компонентті салу кезінде вакцинаның I компонентін салған кезде вакцинадан кейінгі ауыр асқынулар (анафилактикалық шок, ауыр генерализацияланған аллергиялық реакциялар, құрысу синдромы, 40°С температура және т.б.) болғанда салдыруға болмайды.
– Екпе алдында медициналық тексеру жүргізіле ме?
– Иә, вакциналау жүргізер алдында температураны өлшеп, дәрігер міндетті түрде қарап тексереді.
– Коронавирусқа қарсы екпе жасағанға дейін және кейін өзін-өзі оқшаулау керек пе?
– Жоқ, күнделікті өмір сүру салтын ұстануға болады. Бірақ жалпы сақтық шаралары (әлеуметтік қашықтықты сақтап, қоғамдық орындарда бетперде тағу) туралы ұмытуға болмайды. Вакциналаудан кейін де осы талаптарды сақтаған жөн. Мен екпе салдырдым екен деп жайбарақат жүрмеу керек.
– Вакцина салдырғысы келетіндер қайда барып тіркеледі?
– Тұрғылықты жердегі емханаға бару қажет. Халықты вакциналау аумақтық медициналық ұйымдардың егу пункттерінде, арнайы контингентті вакциналау тиісті ведомствоның қызмет орнында жүргізіледі.
– Халыққа жаппай вакцина салу қашан басталады?
– Елімізде КВИ-ге қарсы вакциналау 2021 жылы 1 ақпаннан басталады.
– Екпеден бас тартуға бола ма?
– КВИ-ге қарсы вакциналау әр адамның қалауы бойынша іске асырылады, оған ешкімді мәжбүрлемейді.
– Коронавируспен ауырғандарға екпе қажет пе?
– Иә, КВИ-мен ауырған адамдарға вакциналау жүргізіледі. КВИ симптомсыз немесе жеңіл түріне шалдыққан адамдарға сауыққаннан кейін 2-4 аптадан соң, орташа ауыр және ауыр түрлерімен ауырғандарға сауыққаннан кейін 6 айдан соң вакциналау ұсынылады.
– Вакцинаны салдырудың екі кезеңі бар. Соның екеуінен де өту міндетті ме?
– КВИ-ге қарсы қолданылатын вакцина бүгінде 2 кезеңде салынады. Бұл – КВИ-ге қарсы вакциналаудан кейін иммунитетті қалыптастырудың міндетті шарты. Демек, екінші кезеңінен де өткен жөн. Екінші вакциналау алғашқы вакциналаудан 21 күннен кейін жүргізіледі.
– Вакцинация алдында антиденелерге тестілеу жүргізіле ме?
– Вакциналау алдында КВИ-ге қарсы антиденелердің болуына тестілеу (скрининг) жасалмайды.
Әңгімелескен Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз