сенбі, 23 қараша, 2024 7:27

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Биыл Қордай ауданы тұрғындарының 95 пайызы газбен қамтылады

Биыл Қордай ауданы тұрғындарының 95 пайызы газбен қамтылады
ашық дереккөзі
Биыл Қордай ауданы тұрғындарының 95 пайызы газбен қамтылады

Ағымдағы жылы 150 мыңға жуық тұрғыны бар Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ілгерілетуге бюджет қаражатынан қосымша 31 миллиардтан астам теңге бөлініп, игерілуде. Былтыр Қордай ауданы тұрғындарының  30 пайызы ғана табиғи газ тұтынып келсе, биылғы газдандыру жобасы аяқталған кезде қордайлықтардың 95 пайызы «көгілдір отынға» қол жеткізетін болады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы жұмыс сапарын Отар ауылдық округі жанындағы автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысымен танысудан бастады. Бұл жобаның құны 1 миллиард 50  миллионнан теңгеден асады. Мердігер компания – «Таразстрой-2004» ЖШС. Биылғы 10 тамызда басталған құрылыс алдағы желтоқсан айының басында аяқталуы тиіс. Бұл стансаға көгілдір «Қазақстан – Қытай» жерасты газ құбырынан «көгілдір отын» алынып, Қордай ауданының 12 ауылын газдандыру көзделіп отыр. Қазір мұнда 10 маман,  20 жұмысшы тұрақты еңбек етуде. Жалақылары 90-95  мың теңгеден кем емес.

Облыс басшысына мұндағы жұмыстар туралы  «Таразстрой-2004» ЖШС-ның басшысы Сембек Тұрдалиев баяндады. Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев кестеге сәйкес Батыс мұнай жабдықтау компанияларымен келісім бар екенін, енді үш қондырғы және дайын блоктар келетінін атап өтті.

Қордайдың күншығыс жағы бойынша  (Отар аймағы) 12 ауылға газ тартуды, құбыр тартуды «Байсын-А» ЖШС жүзеге асырады. Жобаның жалпы құны 4 миллиард 37 миллион теңгеге жуық. Тамыздың алғашқы күндерінде басталған бұл құрылыстың да аяқталуы төрт ай мерзімге белгіленген. Жұмысқа 60 адам, 28 техника жұмылдырылыпты. 21 бригада тынымсыз жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір жұмыстың 25 пайызы бітіпті.

– Құбырларды ең қиын учаскелерден қазір өткізіп алыңдар. Ондай қиындық Сұлутөр, Көктөбе таулы аумағында екенін айтып отырсыңдар. Ертең қар жауса, онда жұмыс істеу мүмкін болмай қалады. Газ құбыры темір жол құрылысының астынан қалай өтуі тиіс? Мұны да назарда ұстаңыздар. Бірақ жұмыстың аяқталуы желтоқсан айынан кешікпеуі қажет, – деп ескертті.

Бұл жөнінде Қордай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаевтың айтуынша, ағымдағы жылықұрылыс жұмыстарына қосымша 31 миллиард теңге бөлінді. Мұндай қомақты қаржы бұрын-соңды бөлінген.

- Ауданның 22 елді мекені газбен қамтылатын болады. Атап айтқанда бүгінгі күні 10 елді мекенге магистральдық газ құбыры тартылып, он елді мекенге ішкі құбырлар жүргізілуде. Ағымдағы жылы  100 мың адамды көгілдір отынмен қамту жоспарланып отыр. 6 елді мекенде таза ауызсу құбыры тартылып, 4 ауылда спорттық-сауықтыру кешендері салынып, Бұдан бөлек 4 көпқабатты тұрғын үй  (230 пәтерлі), ел игілігіне берілгелі отыр, - деп атап өтті Е.Орынбаев.

Мұнан соң өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Гвардейск әскери қалашығы маңайындағы аумақта салынып жатқан иммундық-биологиялық препараттар өндіретін биофармацевтикалық зауыттың құрылысымен  танысты. Осындағы  аталған зауыттың мамандары мен жұмысшыларына арналып салынып жатқан 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй құрылысын көріп, баяу жүріп жатқан жұмысқа көңілі толмады. Бұл құрылыс уақытынан екі аптаға кешігіп келеді.

- Құрылыс қарқынын арттыру керек. Ол үшін  жұмысшыларды көбейту қажет болар. Алдағы дүйсенбіде бұл құрылыста 60 адам жұмыс істейтін болсын, – деп облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаровқа, аталған құрылысқа жауапты ЖШС-ның басшысы Рахманқұл Байтелиевке нақты тапсырма берді.

Облыс әкімі биофармацевтикалық зауыттың құрылысына жауаптылармен шағын кеңес өткізді.

- Мен бұл зауыттың уақтылы  аяқталуы жөнінде Президенттің алдында уәде бердім. Сіздер маған уәде бергенсіздер. Сол мүддеден шығып, уәдемізде тұрғанымыз жөн. Қаржыдан мәселе жоқ. Құрылыс қарқынын арттырыңыздар, – деді ол.

Келесі сәтте Бердібек Сапарбаев Отар ауылында құрылысы жүріп жатқан ауылдық Мәдениет үйі  және спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты, құрылыс жұмыстарын «Тараз – Ісмер» компаниясы қолға алған. Жоба құны –  323 миллион теңгені құрайды. Аймақ басшысының бұған дейінгі іссапарында тұрғындар ауылда Мәдениет үйі бой көтеріп, «көгілдір отын» келсе деген тілектерін айтқан еді. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті.

Облыс басшысы аталған ауыл ақсақалдарымен және ақ жаулықты аналармен амандасып, әңгімелесуді де ұмытпады. Оларды Отар ауылына «көгілдір отын» биылғы жылдың аяғына дейін келетінін айтып қуантты.

- Жоба бойынша газ құбыры әр көшеге тартылады. Оны үйге кіргізу құны бір отбасы үшін – 350 мың теңге. Бұл қаражат өздеріңізден шығады. Бірақ барынша жеңілдіктері қарастырылады. Мысалы, биыл 100 мың теңге төлеп, қалғанын келесі жылы өтеуге болады, – деп түсіндірді аудан әкімі Рүстем Дәулет.

- Қазір әлеуметтік желіде бәрі ашық айтылып сыналып жатыр. Жақсылықты көріп, бағалаған жақсы. Осының бәрі кім үшін? Ауыл тұрғындары сіздер үшін, қарапайым адамдар үшін жасалуда, - деді Бердібек Сапарбаев.

Отар ауылының тұрғыны Забира Майшыбекова  жергілікті тұрғындар атынан облыс әкіміне шынайы алғысын білдірді.

Облыс әкімі алдағы жылы Отардағы орта мектептің қүрделі жөндеуіне де көңіл бөлінетінін айтты. Оның айтуынша, өзге де ауылдарда түйінді мәселелер бар екенін, мемлекеттің мүмкіндігін де түсініп, ынтымақпен жақсы бастамаларды қолдап жүрулері керектігін айтты.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Қордай ауылындағы «Первомайские деликатесы» ЖШС-ында жалғасып, аталған ЖШС директоры Нұржан Бажанов мұнда ет бағытындағы ангус тұқымды бұқалардың және уақ малдардың сойылуы жағдайларынан өңір басшысын хабардар етіп, жаңа қондырғылармен де таныстырды. Мұнда карантин талаптары да қатаң сақталады екен.

Мұнан соң өңір басшысы Бердібек Сапарбаев «KazMeat» ЖШС-ында болды. Мұндағы 8 мал бордақылау базасында 8 мың ангус тұқымды бұқа өсірілуде. Аталған ЖШС директоры Саят Жетібаевтың айтуынша, жұмыстың көбі технологияның көмегімен жүзеге асып жатыр. Өз кезегінде Саят Жетібаев облыс әкімінен 300 гектар жер сұрады. Өңір басшысы бұл мәселені жылдамдатып шешуді аудан әкімі Рүстем Дәулетке тапсырды.

Облыс әкімі Ауқатты ауылындағы №9 орта мектепте жүргізілген күрделі жөндеу жұмысымен де танысты. Мұндағы күрделі жөндеу жұмысы бір айдан астам уақытқа кешіккені үшін мердігер компания 1 миллион теңге айыппұл арқалаған. Бердібек  Сапарбаев  асхана, спорт зал, мәжіліс залын, кабинеттерін аралап, терезе мен есіктердің сапасына көңіл бөлді.

- Мердігерлер ертең  кетіп қалатын адамдар. Осы олқылықтардың бәрін жөндетіп алыңыз. Сапа сізге керек», – деп мектеп директоры Назира Танабековаға назар аударды.

Облыс әкімі Ауқаттының тұрғындарымен кездесіп, әр үйге «көгілдір отынның» тартылуына байланысты мәселелерге мән берді.

Бұдан кейінгі сапар Сортөбе ауылында жалғасты. Сортөбе ауылдық округінің әкімі Ілияс Бұларовтың айтуынша, ауылдағы 1646 ауланың 1200 ауласында «көгілдір отын» кіргізу мәселесі шешілгелі отыр.

Облыс әкімі Масаншы ауылында да болды. Мұнда да тұрғындардың 90 пайызы «көгілдір отынды» үйлеріне кіргізуге келісім беріп, жақсы жаңалыққа қуанып отыр. Сондай-ақ мұнда Қордай «InteLLec » көпсалалы колледжі салынып жатыр.  Колледж 2022 жылы іске қосылады деп күтілуде.

Қаракемер ауылында да «көгілдір отынның» келуіне қуанып жатқан тұрғындар көп. Ауылдық округ әкімі Жұлдызбек Бахаевтың айтуынша, 9 көшенің 7-еуінде газдандыру алдындағы жұмыстар қарқынды жүруде. Одан бөлек Қаракемерде екі пәтерлік он тұрғын үй арендалық негізде салынып жатыр. Алайда «Атырау –ЖВИ»  компаниясы кестедегі мерзімінен кешігуде. Облыс әкімі бұл орайда Ұлан Солтанбековке жұмыс қарқынын жылдамдатуды тапсырды.

Бердібек Сапарбаев бұл жаңа тұрғын үйлерден жас дәрігерлердің, жас мұғалімдердің, учаскелік полицейдің бірінші кезекте пәтерлі болуын ауылдық округ әкіміне ескертті. Қаракемерде жер кезегінде тұрғандар жоқ, 33 отбасы пәтердің кезегінде тұр екен.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарын Қаракемер ауылынан аяқтап, ауданда атқарылып жатқан  жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы уақытта да қарқынды жұмыс жүргізе беруді тапсырды.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар