Инвестиция тарту сөзбен емес, іспен жүргізілуі тиіс
Өңір экономикасы өркендеп, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, өндірістік инфрақұрылым, туризм секілді кез келген сала қарқынды дамуы үшін инвестор тартудың маңыздылығы айрықша. Себебі облыс аумағына инвесторларды шақыру арқылы қаржы тапшылығын шешіп қана қоймай, озық технологияны қолдану арқылы сапалы өнім өндіруге қол жеткізетініміз анық. Бұл ретте өзі қимылдап, сұраныс жасап, келіссөздер жүргізуге талпынбаған тарапқа шетелдік инвесторлар қызығушылық танытпайтыны айдан анық. Облыс әкімідігінде өңірімізге инвестиция тарту мәселелері жөніндегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте осы мәселелер қаралып, аймақтағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы әңгіме өзегіне айналды.
– Өңір экономикасы жақсара түсуі үшін инвестиция тартудың маңыздылығы айрықша. Оның үстіне қазіргідей дағдарыс жағдайында біз қосымша қаржы көздерін табуымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмаларының бірі – өңір экономикасына көбірек инвестиция тарту. Әсіресе жеке инвестиция тартудың мәні бөлек. Бұл жөнінде біз бұған дейін бірнеше жиын өткізіп, тиісті орындарға арнайы тапсырма берген болатынбыз. Сіздерді осы жиынға шақыруымыздың басты мақсаты кезінде берілген тапсырмалардың бүгінде қалай орындалып жатқанын пысықтау. Облыстың экономикасына инвестиция тарту мәселесін қалай жүзеге асырамыз? Оның болашағы қалай болады? деген сауалдарға жауап іздеу болып табылады, – деді Бердібек Машбекұлы.
Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Жаманқұловтың айтуынша, осы жылдың қаңтар-шілде айларында өңірге салынған инвестиция көлемі 159,1 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,8 пайызға артыпты. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасында келісілген меморандумға сәйкес негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бойынша биылғы жоспар 368 миллиард теңге көлемінде болып бекітілген. Аталған межеге қол жеткізу үшін Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне тиісті индикаторды орындау жоспары да түзіліпті.
Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша 8 аудан мен Тараз қаласы жоспардың үдесінен толық шыққанымен, Шу ауданы межені 46,5 пайызға, Сарысу ауданы 30,4 пайызға ғана орындаған.
– Бүгінгі таңда басқарма тарапынан облысқа инвесторлар тарту мақсатында Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері бағдарлама аясында жалпы құны 97,4 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілді. Нәтижесінде облыстың индустрияландыру және кәсіпкерлікті қолдау картасында жалпы құны 1,1 триллион теңгені құрайтын 24 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оларды іске асыру мерзімі – 2020-2025 жылдар аралығын қамтиды. Бұдан бөлек аталған бағдарлама аясында жалпы құны 354 миллиард теңгені құрайтын 5 жобаға тиісті министрліктермен бірлесе сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп, индустрияландыру картасына енгізу жоспарланған, – деді Данияр Қалибекұлы.
Негізінен өңірде Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл соңына дейін жалпы құны 14,8 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, соның арқасында 900 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Егер осы жобалар сәтімен жүзеге асса, өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі мен кәсіпорындардағы еңбек өнімділігі артпақ. Тұрақты жұмыс орындары көптеп ашылып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсуіне де септігін тигізбек.
Басқосуда «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы»
акционерлік қоғамының төрағасы Олжас Қаржауов пен «Казахинвест» АҚ облыстық филиалының директоры Арнольд Герингтің баяндамасы тыңдалды.
Өз кезегінде облыс әкімі басқарма басшысы жасаған баяндамасына көңілі толматынын аңғартты. Аталған басқарма өз міндетіне жататын жұмыстарды сылбыр жүргізіп отырғанын сын тезіне алды. Сондай-ақ өңір басшысы Талас ауданындағы «TalasInvestCompany» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің натрий цианидін өндіру жөніндегі зауыттың екінші кезеңін салу, Тараз қаласында «Alima Deluxe» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұрмыстық техника зауытын салу, Т.Рысқұлов ауданындағы 1000 гектар алқапқа шие, алма секілді жеміс ағаштарын отырғызу, алынған жемісті өңдеуді жүзеге асыру секілді тағы да басқа әрбір жобалардың жүзеге асырылу жайын жан-жақты сұрады.Мұндағы кейбір жобалардың бекітілген мерзімнен кешігуі байқалады. Сол себептен де жобалардың нақты қай кезде жүзеге асырылатыны жөніндегі мерзімін белгілеу керектігін ескертті. Тиісті көрсеткіштің үдесінен шыға алмаған аудан әкімдерінен де жауап алынды. Тараз қаласы мен өзге де бірқатар аудандарда инфрақұрылым жайында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалардың жүзеге асырылу барысын сұрады. Бұл орайда облыс әкімі Кейбір аудандарда инвестиция тарту мәселесі көңіл көншітпейтінін атап өтті.
– Әрбір аудан өз жобаларын ұсынуы тиіс. Көп аудандарда іліп аларлық ауқымды жобалар жоқ. Аудан әкімдеріне бір жылда нақты қанша жоба жүзеге асырылатынын көрсетуді тапсырамын. Мәселен Талас, Сарысу, Мойынқұм, Шу аудандарының жер қойнауы байлыққа толы. Шынтуайтына келгенде жер байлығы жөнінен Қордай ауданы да кенде емес. Ондағы тауларда сан түрлі пайдалы қазбалар кезігеді. Соны игеруіміз керек. Ал Меркі, Т.Рысқұлов секілді жері шұрайлы аудандарда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қолайлы. Тағы бір ауданның географиялық орналасуы, транспорттық әлеуеті сынды факторларымен туризмге сұранып тұр. Осындай жайттарды ескере отырып, аудандардың ерекшеліктеріне сай жобаларды жүзеге асыруға ұмтылуы керек. Шынын айтқанда дәл осы мәселені назарға алып жұмыс істеп жүрген әкімді көріп отырған жоқпын, – деді Б.Сапарбаев.
Жиынды қортындылаған Бердібек Машбекұлы ең басты мәселе берілген тапсырманың орындалуы екенін тағы да еске сала отырып, облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев және тиісті басқарма басшыларымен аудан әкімдеріне нақты тапсырма жүктеді. Ауыл шаруашылығы техникалары бөлшектерін жасап шығаратын зауыт салу жөнінде жобаны қолға алудың кезі келгенін сөз етіп, ауыл шаруашылығы саласындағы ұсақ шаруашылықтарды біріктірудің инвестор тартуға қолайлы екенін жеткізді. Ірі қаржы ұйымдарымен бірігіп жұмыс жасау керектігін, солар арқылы инвестор тартуды қолға алуды тапсырды. Облыс экономикасына кемі 380 миллиард теңге тарту қажеттігін атай келе, ол үшін жұмысшы тобын құрып, кесте жасап, сол кесте бойынша жұмыс жүргізу керектігін
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
"Шалғай Қарасудағы" мектеп құрылысы неге сылбыр жүруде?
Ұқсас жаңалықтар
Экономика
Нарықта доллар, еуро мен рубльдің бағамы қандай болып тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024