сәрсенбі, 25 желтоқсан, 2024 20:38

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жағдай тұрақты: Бердібек Сапарбаев Қасқабұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті

Жағдай тұрақты: Бердібек Сапарбаев Қасқабұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті
ашық дереккөзі
Жағдай тұрақты: Бердібек Сапарбаев Қасқабұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Талас ауданының Қасқабұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті. Бұл кездесуге 10 тамыздан 11 тамызға қараған түні жергілікті тұрғындардың бірнеше үйінің және кітапхана ғимаратының терезелерін сындырған бір топ жастардың бұзақылық әрекеті себеп болды. Олардың барлығы ұсталынып, Қазақстан Республикасы  Қылмыстық Кодексінің 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Өңір басшысы атап өткендей, Қасқабұлақ ауылының тұрғындары әрқашан өздерінің еңбекқорлығымен, ынтымағымен және үлкенге деген құрметімен ерекшеленеді. Соңғы жылдары мұнда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Аймақ басшысы әрдайым жергілікті тұрғындардың осы игі қасиеттерін бағалап, облыстың басқа аудандарына үлгі етеді.

– Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз және қоғамдық тәртіпті бұзғандардың барлығы заң аясында жауап береді. Ең бастысы – қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен тыныштық сақталуы керек, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Қасқабұлақтағы жағдайдан хабардар болған сәттен оқиға орнына полиция қызметкерлерімен бірге облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары аттанған. Жағдай жедел бақылауға алынып, барлық бұзақылар қолға түскен. Қазіргі таңда құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқиғаның мән-жайын, кінәлілер мен араңдатушыларды анықтап жатыр. Жергілікті тұрғындардың  алаңдауыңа негіз жоқ, олардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етіледі.

Біздің қоғамда ешкім алауыздық туғыза алмайды, және бір топ жастардың бұзақылық әрекеттерінен ешқандай астар іздеудің қажеті жоқ, - дейді ауыл ақсақалы Махмуд Темиров.

Басқосуда Бердібек Сапарбаев жастар, әсіресе бұзақылық әрекетке жол берген жастардың ата-аналары арасында тәрбие жұмыстарын күшейту қажеттілігіне назар аударды. Айта кету керек, олардың бірқатары кездесуге арнайы қатысты. Олардың атынан ұсталған жігіттердің бірінің атасы Аманжол Ділдәбеков сөз алып, болған оқиға туралы естігенде жағасын ұстағанын  жасырмады.

Мен Қасқабұлақ ауылының тұрғындарынан балаларымызды бақылай алмағанымыз үшін шын жүректен кешірім сұраймын, – деді ол.

Ұсталғандардың бірінің анасы көз жасына ерік беріп, баласының әрекетін ақтауға сөз таба алмай тұрғандығын жеткізді.

 Мұның бәрі қол бостықтан туындайды. Он екі мүшесі сау бала ата-анасына масыл болмай, еңбек етуі керек. Сол секілді ата-аналар өздері балаларының бос уақытын қалай өткізіп жүргендігінен хабарсыз.

Біздің жалғыз Отанымыз  бар, ол – Қазақстан. Біз өзіміздегі ең құнды дүние – қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді бағалай білуіміз керек. Тағы да қайталап айтамын, заңды бұзған әрбір адам қатаң жауапқа тартылады. Шамасы бұл бұзақылықты арнайы ұйымдастырушылар болған секілді. Полицияның міндеті – оларды табу және осыған ұқсас оқиғалардың алдын алу. Ата-ана, мектеп, қоғам және билік, бұлардың бәрі бірлесе отырып, өскелең ұрпақтың бойында толеранттылық, мейірімділік және адамсүйгіш, әрбір азаматқа құрметпен қарау секілді игі қасиеттерді қалыптастыру жолында жұмыла жұмыс жасауы тиіс, –деп қорытындылады Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 

 

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар