сәрсенбі, 15 сәуір, 2026 21:10

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ғажайыпқа сендірген оқиға: екі бүлдіршіннің өмір үшін күресі

Ғажайыпқа сендірген оқиға: екі бүлдіршіннің өмір үшін күресі
Денсаулық сақтау министрлігі
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Алматы қалалық балалар оңалту орталығында ерекше әсерге толы, мазмұнды шара өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Биіктіктен құлап, ауыр жарақат алған Тамирис пен «балалар церебралды сал ауруы» диагнозымен күресіп келе жатқан Руфинаға арнап тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Бұл күн олардың өміріндегі жаңа кезеңнің басталуын білдірді.

Салтанатты шара барысында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов мұндай оқиғалардың қоғам үшін маңызын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір балаға толыққанды өмірге оралуға мүмкіндік беру — медицина қызметкерлерінің басты міндеті.

Тамиристің тағдыры – шынайы ғажайыпқа тең. Екі жыл бұрын бес жастағы қыз төртінші қабаттан құлап, ауыр бас-ми жарақатын алған. Оның жағдайы өте ауыр болып, екі рет жүрегі тоқтап, клиникалық өлім жағдайын бастан өткерген. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп, бірнеше күрделі операция жасады.

Ұзақ емдеу мен оңалтудан кейін Тамирис біртіндеп қалпына келе бастады. Алғашында қолдарын қозғалта алды, кейін аяқтары қимылдай бастады. Уақыт өте келе өздігінен отыра алатын деңгейге жетіп, жеті кезеңнен тұратын оңалту курсын толық өтті. Бүгінде ең үлкен жетістігі — алғашқы өз қадамдарын жасауы.

Бұл жетістік тек дәрігерлердің еңбегі ғана емес, отбасының сенімі мен қолдауының да нәтижесі. Қыздың әжесі көз жасына ерік беріп, немересінің өмірін сақтап қалған ақ халаттыларға шексіз алғысын білдірді.

Руфинаның жолы да оңай болған жоқ. 2022 жылы туған қызға ерте жастан «балалар церебралды сал ауруы» диагнозы қойылған. Ол орталыққа өте ауыр жағдайда түскен: өздігінен тұра алмайтын, тек арба арқылы қозғалған.

Емдеу барысында маңызды кезеңдердің бірі — 2025 жылғы қарашада жасалған операция болды. Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында Руфинаға Ахилл сіңірлерін Z-тәрізді ұзарту отасы жасалды. Осыдан кейін ұзақ оңалту процесі басталып, нәтижесінде қыз бала алғашқы өздігінен қадамдарын жасай бастады.

Тұсаукесер рәсімі екі қыз үшін де тек символикалық шара емес, жаңа өмірге бастар маңызды белес болды. Бұл — олардың табандылығының, дәрігерлердің кәсібилігінің және ата-ананың үміті мен сенімінің айқын көрінісі.

Алматы қалалық балалар оңалту орталығының мәліметінше, осы уақытқа дейін мұнда ондаған бала аяққа тұрған. 2011 жылдан бері 17 мыңнан астам балаға көмек көрсетіліп, олардың мыңдағаны ерекше күтімді қажет ететін балалар болған.

Орталықта балалар церебралды сал ауруы, жарақат салдары және туа біткен патологиялары бар науқастарға кешенді көмек көрсетіледі. Мұндай оқиғалар медицина мен адам ерік-жігерінің біріккенде қандай үлкен нәтижеге жеткізетінін дәлелдейді.

Бұл — үміттің ешқашан сөнбейтінінің және әрбір қадамның үлкен жеңіс екенін еске салатын әсерлі оқиға.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар