Мәжілістің жалпы отырысында «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды. Сонымен қатар оған қатысты ілеспе түзетулер де қарастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Құжатты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова таныстырды. Оның айтуынша, бұл құжат Қазақстанда кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін реттейтін алғашқы құқықтық негіз болмақ.
Заң жобасы 7 тараудан және 30 баптан тұрады. Құжатта рейтингтік қызметті мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың толыққанды жүйесі ұсынылған. Ал ілеспе түзетулер аясында 3 кодекс пен 18 заңға өзгеріс енгізу жоспарланып отыр.
Жаңа заңның негізгі мақсаты – рейтинг нәтижелерін пайдаланатын азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ рейтингтік агенттіктердің ашық әрі тәуелсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Сонымен бірге құжатта осы саланы бақылау, мониторинг жүргізу және қаржылық қызмет тұтынушыларының сауаттылығын арттыру мәселелері де қамтылған.
Заң жобасында рейтингтік агенттіктердің қызметін ұйымдастырудың жаңа моделі ұсынылған.
"Біріншіден, тәуелсіз ұлттық рейтингтік бағалау институты ретінде Қазақстанның рейтингтік агенттігін құру. Оның акционерлері Ұлттық Банк, халықаралық рейтингтік агенттік және басқа да қаржы ұйымдары болады. Ұлттық Банк агенттіктің қаржылық орнықтылығын және қаржы нарығы тарапынан сенімді қамтамасыз етеді. Екіншіден, халықаралық рейтингтік агенттіктер. Бұл – Standard&Poor's, Moody's, Fitch агенттіктері мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының кемінде бес елі таныған басқа рейтингтік агенттіктер", – деді Мәдина Әбілқасымова.
Жалпы, заң жобасы қаржы нарығының ашықтығын арттырып, оған деген сенімді күшейтуге бағытталған.
Ұқсас жаңалықтар
Техникалық инспекторлардың өкілеттілігі кеңейтіледі - министрлік
- авторМағжан Орынбасар
- 13 сәуір, 2026





