жұма, 27 желтоқсан, 2024 7:35

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Өңірде өндіріс саласы қанат жайып келеді

Өңірде өндіріс саласы қанат жайып келеді
ашық дереккөзі
Өңірде өндіріс саласы қанат жайып келеді
Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Уақыт өлшемімен қарағанда аз болғанымен, жасалған жұмыстар есебімен әр онжылдықта облыс дамудың даңғыл жолына түскенін аңғару қиын емес. Ел егемендігінің 25 жылдық белесінің өзінде жалпы өңірлік өнім 10,8 миллиард теңгеден 1014,5 миллиард теңгеге артқан. Ал өнеркәсіп өнімінің өндіріс көлемі 2000-2020 жылдар аралығында 25,8 миллиард теңгеден 504,9 миллиард теңгеге өскен. Индустриалық-инновациялық даму бағдарламасының аясында соңғы 5 жылда облыста құны 66,8 миллард теңгені құрайтын 38 өндіріс орны пайдалануға берілген. Нәтижесінде 3000 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туған. Бұл тәуелсіздік жылдарында өндіріс саласы өрістеп, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейгенін айғақтап тұр.Жасыратыны жоқ, кеңестік одақ ыдырағаннан кейін облыс қана емес, тұтас еліміз қиын кезеңдерді өткерді. Бір кездері одақтас мемлекеттерді түрлі тауарлармен қамтыған зауыттар жабылып, жұмыссыздық белең алды. Бұқара бизнесті емес, күнделікті күнкөрісін ойлайтын күйге түсті. Десе де ел аумағында түрлі жобалар жанданып, баянды бастамалар Әулиеата топырағына да жетті. Кезінде қондырғылары тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен кәсіпорындардың бойына қайта қан жүгіріп, ел мен өңір ертеңіне инвесторлар сенім арта бастады. Бір ғана мысал, 1999-2015 жылдар аралығында негізгі капиталға салынған инвестиция 81 есеге өсті. Сонымен бірге әлеуметтік нысандар, инженерлік және транспорт инфрақұрылымын дамытуға бюджет қаржысының көлемі шамамен 209 есеге ұлғайды. Өндіріс саласының өрістеуі, бюджет кірісінің табысы оң динамикалық өсуге жағдай жасады. Тұрғындардың әл-ауқатының артуы мен жұмыссыздардың саны тұрақты төмендеді. 1998 жылы жұмыссыздық 14,2 пайызды құраса, 2015 жылы 4,9 пайызға қысқарды. Халықтың жекелей ақшалай табысы 2000-2015 жылдар аралығында 12,6 есе көбейіп, орташа жалақы мөлшері 10 есеге ұлғайды. Кейінгі онжылдықта өңір өндірісі тіпті адам танымастай өзгерді. Әсіресе былтырғы табысымыз толайым. Өткен жылы облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 504,9 миллиард теңгеге өнім өндірілсе, 2019 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 103,1 пайызды құрады. Тараз қаласының кәсіпорындары арқылы өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 287 071 миллион теңгенің өнімі шығарылса, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 101,2 пайызды көрсеткен. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 344,5 миллиард теңгені құраса, мұнда да 2019 жылмен салыстырғанда 12,7 пайыздық өсім бар. Облыста 2020 жылдың 1 желтоқсанына 85 407 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеуге алынып, бүгінде оның 68 700-і тұрақты жұмыс істеп тұр. Олардың көмегімен былтыр 193,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсу көрсеткіші 109,2 пайызды діттеген. Ал ең бастысы, шағын және орта бизнес субъектілері 124 748 адамды жұмыспен қамтыған. Нұрдаулет АСАН
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар