сенбі, 23 қараша, 2024 7:13

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Кәсібі бардың нәсібі бар

Кәсібі бардың нәсібі бар
ашық дереккөзі
Кәсібі бардың нәсібі бар

Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту өндіріс орындарындағы өнімді іс пен табыстың түсіміне тікелей байланысты екені белгілі. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлерді қолдауды назардан тыс қалдырмайды. Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы өкілдері және өңіріміздегі орта кәсіпорын басшыларымен кездесіп, аталған саладағы жетістіктер мен түйіткілді мәселелерді талқылады.

Өңірімізде 85 431 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның ішінде нақты жұмыс істейтіндерінің саны 68 929 бірлікті құрап отыр. Өнеркәсіп саласында барлығы 708 кәсіпкерлік субъектілері жұмыс атқарса, оның 16-сы ірі, 19-ы орта, 673-і шағын кәсіпкерлік субъектілері. Облыстағы өнеркәсіп саласында 20 мыңға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл бағытта облысымыздың даму көрсеткіші республикалық деңгейде алдыңғы қатардан көрінгенін, жұмысты осы қарқынмен жалғастырып, пандемия туғызған қиындықтарды да бірлесе еңсеру керегін тілге тиек еткен өңір басшысы Бердібек Машбекұлы: – Мемлекеттік қолдауларға ие болған кәсіпкерлер облысымыздың өркендеуіне сүбелі үлес қосып отыр. «Бизнестің жол картасы – 2025» аясында 2020 жылға барлығы 2 миллиард теңге бөлінді. Облысымызда индустриаландыру бағдарламасы аясында 14,8 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуы жоспарланса, бүгінгі күнге 18,6 миллиард теңге құрайтын 3 инвестициялық жоба іске қосылып, 330 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың желтоқсан айында жалпы құны 10 миллиард теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылып, 515 тұрақты жұмыс орны ашылуы жоспарлануда, – деді. Темір жол – экономиканың күретамыры. Облысымызда шойын жолдың жалпы ұзақтығы 2162,3 шақырым. Бөлімше құрамына 60 бөлек пункт, 52 станция кіреді. Жамбыл жол бөлімшесі бойынша 9 372 адам қызмет етеді. Мұндағы жайтты «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» акционерлік қоғамы Жамбыл бөлімшесінің директоры Үмітбек Рысбеков мәлімдеді. – Ағымдағы жылы «Жамбыл жол бөлімшесі» филиалында 172 жұмысшы қысқарған. Бүгінде осы қысқартылған 144 адам жұмыспен қамтылды. Зейнет жасына 5 жыл қалған 28 қызметкер «Ерте жасқа зейнетке шығу» ержесіне сәйкес құрметті демалысқа жіберіліп, ай сайын жалақы мөлшері төленіп отыр. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбек ақы көлемі 5 пайызға өскен. Мекемеде орташа жалақы 189 мың теңгені құрап отыр. Жалпы мекеме қызметкерлеріне қаржылық көмек тұрақты көрсетіліп отырады. Ал, атқарылған қызметке келсек, осы жылдың 11 айындағы жүк айналымының пайдалану жоспары 106,2 пайызға орындалды. Ал жолаушылар тасымалының төмен болуы пандемияның салдарынан, – деді. Басқосуда кәсіпкерліктің өрісін кеңейтудегі жұмыстармен қатар, кедергілер де талқыланып, шешімін табу жолдары қаралды.

  Қамар Қарасаева
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар